Инвесторлардың проблемалық мәселелері бойынша сараптамалық кеңес

99
Жамбыл облысының прокуратурасында инвесторлардың проблемалық мәселелері бойынша сараптамалық кеңес өтті
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инвестициялық жобаларды қазір прокуратура органдары сүйемелдейді.
Ағымдағы жылдың 16 тамызында Кәсіпкерлерді қорғау жөніндегі сараптамалық кеңестің отырысы өтіп, инвестициялық ахуалдың жай-күйі, уәкілетті органдар жұмысының тиімділігі және инвесторлардың проблемалық мәселелері талқыланды.
Кеңес жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаты М.З. Ескендіров, облыс әкімінің орынбасары Қ.Қ. Мәдібек, сондай-ақ жергілікті «Атамекен» ӨКП, «Қазақинвест» АҚ және кәсіпкерлер қауымдастығының басшылары қатысты.
Облыс әкімдігінің мәліметіне сәйкес өңірдің инвестициялық жобалар картасында жалпы сомасы 1,9 триллион теңгеге 60 жоба бар, олар іске асырылған жағдайда 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Прокуратураның талдауымен бірқатар проблемалық мәселелер анықталды. Олардың арасында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, мониторинг жүргізу мен қалыптастыру тәжірибесінің жетілмегендігі анықталды.
Сондай-ақ кеңесте инвесторларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етпеу, мемлекеттік қолдау шараларын дұрыс жасамау, бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау фактілері айтылды.
Облыс прокуроры Н.М. Әбдіров инвесторлардың құқықтарын сақтау және прокуратураның Фронт-офис алаңында туындайтын барлық проблемаларды уақтылы шешу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ кеңес қатысушылары өңірдің инвестициялық ахуалы мен тартымдылығын жақсарту, оның ішінде мониторинг нысандары мен әдістерін жетілдіру, инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларын күшейту және т.б. бойынша ұсыныстар енгізді.
Жұмыс қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленді, жауапты уәкілетті органдарға тиісті тапсырмалар берілді.
Жамбыл облысының прокуратурасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.