Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Облыстық халық шығармашылығы орталығы мен облыстық ардагерлер кеңесінің бірлескен жобасы «Ғибратты керуен» кеше Мойынқұм ауданына келіп жетті.
Аталмыш шара аудандық кітапхананың коворкинг залында өтті. Зиялы қауым өкілдері келелі басқосу жасап, мәдениет саласының майталмандары мастер класс өткізді. Атап айтқанда, ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Әлімбетова Мойынқұм ауданындағы халық театрларының ұжымына актер шеберлігі мен сахна мәдениетінен сабақ берді. Ал елімізге белгілі қолөнер шебері Қазым Аманқосов сурет өнері мен қолөнерден шеберлік сағатын өткізді. Аудандық мәдениет үйінің «Мойынқұм» халықтық ән-би ансамбліне шеберлік сағатты Халықаралық конкурстардың лауреаты, домбырашы Дидар Басығараев өткізді.
Шарада Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен «Айсұлу ана» мешітінің бас имамы Қанат Қуанышбеков, жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Бақытжан Құтжан өздеріне берілген тақырып аясында тәрбие мен білім жән дін тұрғысында әңгіме өрбітті. Облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Жанат Тұрлығұлова мен бөлім басшысы Саят Қойшыманов мәденит үйінің алдағы іс-шара жоспарымен танысып, дайындық жұмыстарын пысықтады. Сондай-ақ, басқосудың соңында көрермен назарына әлеуметтік бейнеролик көрсетілді. Бағдарлама облыстық филармония әртістерінің ән шашуымен аяқталды. Шараны «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев жүргізді.
Айта кету керек, бұдан бір күн бұрын Облыстық ардагерлер кеңесі Талас ауданында, Ұланбел ауылында, Құмөзек ауылы мен «Құралай сұлу» кесенесіне соғып, экскурсия жасап, кеңес өткізді.
Күннің екінші жартысында «Ғибратты керуен» шырайлы Шу өңіріне табан тіреді. Бұл жерде де жоғарыда аталған жоспар аясында арнайы құрылған тағлымдық топ аудандық мәдениет үйінде кездесу өткізді.
Алты алашқа танымал киелі топырақта керуен құрамындағы Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері тұшымды ой өрбітті. «Айсұлу ана» мешітінің бас имамы Қ. Қуанышбеков, жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Б.Құтжан сөз алып, дәстүр мен тәрбие, ұлттық сана, дін турасында әңгімеледі.
ҚР еңбек еңбек сіңірген әртісі Майра Әлімбетова, қолөнерші Қазым Аманқосов, Халықаралық конкурстардың лауреаты, домбырашы Дидар Басығараев өз салалары бойынша шеберлік сағат өткізді.
Шара соңы консерттік бағдарламаға ұласып, көрерменге әлеуметтік бейнеролик көрсетілді.