Елордалық «Астана» бүгін, 8 қарашада Еуропа лигасы топтық кезеңінің 4-турында өз алаңында Чехияның «Яблонец» командасын қабылдайды.
Қазір «Астананың» турнир кестесіндегі жағдайы жақсы. K тобында бірінші орында тұр. Елордалық клуб бұған дейінгі жылдарда мұндай жоғары орынға қол жеткізе қойған жоқ еді. «Астана» 2015 жылдан бері Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы топтық кезеңіне тұрақты қатысушы болып келеді.
2015 жылы Чемпиондар лигасында С тобында сынға түсті. Онда Мадридтің «Атлетико» (Испания), Лиссабонның «Бенфика» (Португалия) және Стамбулдың «Галатасарай» (Түркия) клубтарымен шеберлік байқасты. Төрт кездесуде тең түсіп, екі кездесуде қарсыластарына есе жіберді. Өз тобында төртінші орынды қанағат тұтты.
Одан кейінгі жылдарда Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде плей-офф сатысына дейін жетіп келеді. Соның нәтижесінде Еуропа лигасы топтық кезеңіне шығуға мүмкіндік алып жүр.
2016 жылы «Астана» В тобында Никосияның АПОЭЛ (Кипр), Пирейдің «Олимпиакос» (Грекия) және Берннің «Янг Бойз» (Швейцария) командаларымен сынға түсті. Нәтижесінде 1 ойында жеңіске жетіп, 2 кездесуде тең түссе, 3-еуінде қарсыласына есе жіберіп, төртінші орынды қанағат тұтты.
Былтыр айды аспанға бір-ақ шығарды. А тобында қаламен аттас «Вильярреал» (Испания), Праганың «Славия» (Чехия) және Тель-Авивтің «Маккаби» (Израиль) командаларымен бақ сынаған «Астана» екінші орын алды. Еншісінде 3 жеңіс, 1 тең ойын, 2 жеңіліс болды. Плей-офф кезеңінде Португалияның «Спортинг» клубына жол берді.
Биыл сол жетістігін қайталауға жақын тұр. Бұл үшін қалған ойындарда қажетті ұпайды қоржынға салу маңызды. Алда үш кездесу бар.
Бүгін Чехияның «Яблонецімен» кездессе, одан кейін 29 қарашада өз алаңында Киевтің «Динамо» (Украина) клубын қабылдайды. Ал 13 желтоқсанда сырт алаңда Францияның «Ренн» клубымен шеберлік байқасады. Дәл қазір төрт команданың да жарысты жалғастыру мүмкіндігі бар. Рас, «Астана» мен «Динамоның» жағдайы тәуірлеу, олардың еншісінде бес-бес ұпайдан жазылған. Ал «Реннде» 3, «Яблонецте» 2 ұпай бар. Ендеше, қай команданы да алда тартысты ойындар күтіп тұр деуге негіз бар.
Бүгінгі күнге дейін «Астана» үш ойын өткізді. Олар алдымен сырт алаңда «Динамомен» 2:2 есебімен тең түссе, одан кейін өз алаңында «Ренді» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Одан кейін сырт алаңда бүгінгі қарсыласы — «Яблонецпен» 1:1 есебімен тең түсті.
Бүгінгі ойынға кімдер қатысады? Бұл жайында «Астана» командасы бас бапкері міндетін атқарушы Григорий Бабаян өз ойын білдірді. Алған жарақаттарына байланысты Дмитрий Шомко, Алексей Щеткин, Юрий Логвиненко жасыл алаңға шыға алмайды. «Яблонец» командасының бас бапкері Петр Рада өз шәкірттерінің барлығы алдағы ойынға дайын екенін мәлім етті. Олардың арасынан 18-і алдағы кездесуге қатысатын тізімге іліккен.
«Астана» мен «Яблонец» командалары арасындағы кездесу Астана уақытымен 22:00-де басталады. Ол Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.