Ешбір жиынға имам-молданы шақырмаса, не болады?

81

Дін зерттеуші Тұрарбек Құсайынов әлеуметтік желіде ерекше бір ұсыныс айтты.

«Неке қию, жаназа, марқұмға берілетін ас-садақаға имам-молдаларды шақырмай, ауылдың, әулеттің әдет-ғұрып, салт-дәстүрді білетін үлкендерін шақыру керек» деп жазды Тұрарбек Құсайынов.

Осы ұсынысқа байланысты бірнеше кісінің пікірін сұрап, арнайы хабарласып көрдік.

Имамның түкке керегі жоқ 

«Өте дұрыс ұсыныс. Кез келген жиынды имам-молдасыз өткізуге әбден болады. Мысалы, сауатсыз кісілер жаназа имамсыз өтпейді деп ойлайды. Ал жаназаға имамның түк қатысы жоқ.

Шапанын сүйретіп келіп, арапша ыңырси оқыған дүниесінің өлілер үшін көк тиындық құны жоғын сол имам-уағызшылардың өзі айтып жүр. «Құран- тірілер үшін» дейді.

Олай болса, имамның жаназада не оқып, жұртты ақымақ етіп жүр? Айналайын, қазақтар, осы күнге дейін имамдарды тегін аспен тойдырып, қалтасына ақша салып, босқа шығын болғандарыңды түсінетін кез келмеді ме?»- дейді семейлік апамыз Тоғжан Сарыбайқызы.

Түсініксіз тілде дұға ету — кімге керек?

«Өмір болған соң, түрлі ұлттың жаназаларына қатысамыз ғой. Сонда байқағаным, әр ұлттың жаназасы — сол ұлттың тілінде өтеді. Мысалы, орыс көршім қайтыс болды.

Ешкім ол жаназада түсініксіз тілде дұға жасамады. Ал біздің қазақ өз жаназасында арабтың сұңқылдаған түсініксіз бірдеңесін оқытуға құштар. Абсурд!

Араб өлді делік, арабтың жаназасына барып қазақша дұға етем деп көріңізші!? Немесе орыстың жаназасына барып, дауыстап қазақша дұға оқып көріңізші. Ал бізде қалай? Молда келіп біз білмейтін тілде бірдеңены ыңылдап, сол үшін теңгесін алып кетеді. Бұдан асқан мазақ бар ма?»- дейді алматылық Талғат Әлібай.

Жаназаң шықпай қалудан қорықпайсың ба?

«Осындай нәрсе айтатындарға таңғалам. Бұл дүниені емес, келесі, мәңгі өміріңді неге ойламайсың? Өлгенде жаназаңды имам шығарады.

Тойыңда имам бата жасап, дұға оқиды. Некеңді Аллаһ алдында адалдап, қиып береді. Әлдебір жағдай бола қалса, дұға оқып бер деп имамға шауып барасыңдар.

Имам болмаса, сол дұғаны оқитын сауаттарың бар ма? Алланың алдында әр тірлігің адал болуы үшін имамның дұғасы керек. Ал адал болмаған дүниелер үшін Аллаһ о дүниеде тозақта жандарыңды шыжғыртады.

Міне, сол кезде шырылдап имамды іздейсіңдер. Ең болмаса, өлгенде иманыңды үйіріп, о дүниеге жаныңды адал етіп шығарып салатын имам екенін мойындасаңдаршы!»- дейді атыраулық Исатай Тілепбергенұлы.

Жұрт имамға не үшін ақша береді?

«Меніңше, имам-молдалар да өздерінің қазаққа көк тиынға керексіз екенін ақырындап түсіне бастады. Содан болса керек, әлеуметтік желілерде сарнай бастады.

Ауыл-аймақты адақтап, аралап жүр. Жаназамызға жылыстап кіріп алып, бүгінге дейін білімсіз елді ақымақ етіп келді. Енді ол тактика — тиімсіз.

Қазір жұрт Құранның ішінде не жазылғанын, бүгінге дейін аруаққа «бағыштап» не оқығанын түсінетін дәрежеде. Имам некесінің ешқандай күші жоғын, байың басқа әйелге кетіп, сені ақшасыз қалдырса, заңды неке қағазыңмен күйеуінің көзіне көк шыбын үймелете алатынын сауаттылар біледі.

Ақымақтар ғой, имамға неке қиғызып, сұмпайы еркектердің таяғын жеп, қорлығына төзіп жүрген. Жалпы, имам атаулыны ешбір жиындарымызға жолатпау керек. Ойлаңызшы, жаназаға келіп, ішіп-жеп, алатынын алып кетеді. Некені қиып, тағы алатынын алады. Ал ондай некенің пайдасынан зияны көп.

Сонда бұл жұрт имамға не үшін ақша беріп отыр? Кез келген нәрсеге оқитын дұғасының аудармасын ерінбей қарап шыққан кісі не айтпақ болғанымды түсінер», — дейді Жүрсінкүл Айдарханқызы.

Дайындаған — Ұлжан БАҚЫТҚЫЗЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды. 

Leave A Reply

Your email address will not be published.