Ербол Қарашөкеев Тараздағы бірқатар құрылыс және абаттандыру жұмыстарының барысын тексерді

27

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар құрылыс және инфрақұрылым нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Алдымен облыс әкімі Қонаев және Сейфуллин көшелерінің бойында орналасқан М-3 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстарын тексерді.

Қазіргі таңда М-3 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Жоба аясында тозу деңгейі 65 пайызға жеткен құбырлар кезең-кезеңімен жаңартылуда.

Ербол Қарашөкеев жауаптыларға мердігер мекеменің жұмыс қарқынын күшейтіп, жобаның орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ Қонаев көшесінің аталған бөлігін мүмкіндігінше қысқа мерзімде көлік қозғалысына ашып, тұрғындарды жұмыс барысы жөнінде тұрақты хабардар етудің маңызын атап өтті. Өңір басшысы құрылыс аяқталғаннан кейін жол жабыны мен абаттандыру нысандарын сапалы қалпына келтіруді де міндеттеді.

Өңір басшысы абаттандыру жұмыстарына ерекше назар аударып, «Жайлау» шағынауданындағы №13 үйдің маңында орналасқан сквердің жай-күйімен танысты. Ол аумақта шөптің шамадан тыс өсіп кеткенін айтып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмыстарын жүргізіп, скверді ретке келтіруді тапсырды. Әкім жаз мезгілінде қураған шөптердің өрт қаупін күшейтетінін атап өтіп, бұл мәселеге бейжай қарамау қажеттігін ескертті.

Бұдан кейін облыс әкімі «Самал» (7) және «Алатау» (8) шағынаудандарындағы ішкі кварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді.

Мұндағы жылу құбырларының 75 пайызы тозған. Қайта жаңғырту жұмыстарына байланысты аталған шағынаудандарда ыстық су беру уақытша тоқтатылған.

Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтап, дайын болған учаскелер бойынша тұрғындарға ыстық суды кезең-кезеңімен беруді тапсырды. Сондай-ақ ол аталған жобалардың ең алдымен тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталуы керектігін атап өтті. Осыған байланысты құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтарда тұрғындардың еркін жүріп-тұруына, аулаларға кіруіне және көлік қозғалысына кедергі келтірмеу қажеттігін ескертті.

Жұмыс сапарының соңында Ербол Қарашөкеев «Астана» 12-шағынауданындағы №9 және №10 тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру жұмыстарымен танысты.

Облыс әкімі жаңадан салынған спорт алаңшасының сапасына назар аударып, оны тұрғындардың игілігіне пайдалануға беру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының балалардың қауіпсіздігі мен бос уақытын тиімді ұйымдастыруға қатысты тапсырмаларының сапалы орындалуы маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты жауаптыларға нысанды тұрғындардың сұранысына сай, қауіпсіз әрі заманауи демалыс алаңына айналдыруды міндеттеді.

Жамбыл облысының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.