Еңбектің наны тәтті…

139

Өркениетке жетер жолдағы үлкен кедергінің бірі – масылдық. Тіпті, ол бүгінде жегі құрт – жемқорлықтай қоғамның бір дертіне айналды. Оны біреулер жұмыссыздықтың салдарынан көреді. Алайда дана Абайдың «Есектің артын жусаң да мал тап» дегенін ескерсек, нанын адал еңбегімен табуға ниетті жанға қай жерден де жұмыс табылады. Әттең, бірақ бүгінде «Мемлекеттен алсам…» деген пиғылдылар жиі көрініс беріп жүр.

Еңбектеніп нан тапқаннан көрі жағдай айтып, жалынып жүрек жалғағанды жөн көретіндерді, әсіресе мешіттің маңайынан көп кездестіреміз. Құлақпен естігенді емес, көзбен көргенді айтсақ, осыдан бірер жыл бұрын Тараздың базарлары мен автобустардан мүгедектің кейпіне еніп, жұрттан қайыр садақа сұрап, қол жайып жүретін жас жігітті көретінбіз. Бірнеше рет ақсаңдап басатын аяғын қалың көпшіліктен ұзаңқырағанда түп-түзу басып, сап-сау кетіп бара жатқанын байқадық. Біраз тараздықтар оны танып та алғаны соншалық, қайыр сұрағанында бетіне басып, қателігін айтатын да еді. Бірақ ол онысына ұялмайтын, үндемей мүгедек кейпімен кете беретін. Бір күні сол жігітті орталық мешіттің қасынан кездестіріп қалдық. Сап-сау, басына тақия киіп, медреседен шығып бара жатты. Жөнін сол жердегі қызметкерлерден сұрағанымызда есімі Серік екенін айтты. Білсек, медреседегі шәкірттермен бірге тегін тамақ ішіп, мешітте түнеп, күндіз әлгіндей өтірік кейіппен ел-жұрттан қайыр сұрап, күнелтеді екен. Медреседегі ұстаздар, имамдар оған жұмыс тауып беріп, ер азаматша өмір сүруге бағыттаса да өтірік мүгедек болып, халықтың аяушылығына ие болғанды қалайтын көрінеді.

 – Рас, масылдық – бүгінгі күннің өте өзекті мәселесі болып тұр. Ондайлар мешіттің төңірегінде де жүр. Әйтеуір, бірдеңе болып қалар ма екен деген үмітпен келеді. Біз Алланың жердегі үйіне келгендерді қуа алмаймыз, қолымыздан келгенінше көмектесуге тырысамыз. Көбісі жұмыстың жоқтығын сылтауратады. Әрине, біреуді кінәлаудан аулақпыз, бірақ екі қолға бір күрек табылатын уақыт қой қазір. Еңбек етемін деген адамға ізденсе, ең болмағанда күнделікті нанын табатындай жұмыс бар. Адамзатқа адал да сапалы өмір сүрудің көркем үлгісін көрсетіп кеткен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде «Сендер қор болып жатпаңдар. Таңертеңгісін жемсауыты бос болып ұшып, кешкісін жемсауытын толтырып, ұясына оралатын құсты қараңдар. Алла Тағала құсқа ұшып, бір жерге қонса табатын жемін дайындап қойған. Сол жерден ұшса, келесі қонатын жеріне де дәл солай несібесі бар. Егер ол ұшпай, құр қарап жата берсе, анау жерде жатқан дәнді оған ешкім әкеп бермейді» дейді. Біздің көзімізге жай ғана әр жерде ұшып жүрген құс болып көрінуі мүмкін, бірақ олар шын мәнінде әр ұшып-қонған жерінен өз несібесін теріп жүр. Қыбырлаған, жыбырлаған, бауырымен жорғалағанның, жаны бардың бәріне де Алла Тағала өз нәсібін беріп қояды. Тек оларға еңбектеніп жүру керек. «Жоқ» деп қарап жатпау керек. Жаратушы Иеміз дүниеде тепе-теңдікті сақтап, жаратқан. Бір адамды бай қылып, оның айналасына бірнеше кедей адамды жақындатып қояды. Айналасындағы он мұқтаждың несібесін бір байдың байлығының ішіне қосып беріп қойып, байды да, кедейді де сынаққа алады.

Хазіреті Омардың билік құрған заманында Меккеге ешқандай мал-мүліксіз келген қауымды көріп: «Сендер қандай қауымсыңдар? Қолдарыңда азық салған не дорба жоқ, алдарыңда айдаған не малдарың жоқ…» деп сұрайды. Сонда олар бөтен бір елден қажылық жасап келгендерін айтып: «Біз Алла Тағалаға тәуекел етіп келген жандармыз» дейді. Сонда Хазіреті Омар: «Сендер тәуекел етуші емес, жеп-ішуші қауымсыңдар» деп бұрыс әрекеттерін беттеріне басады. Яғни, бұдан нені ұғуға болады? Әрине, тәуекел ету деген бар. Халқымызда да «Тәуекел түбі – желқайық, өтерсің де кетерсің» дейді. Бірақ малыңды байлап қойып тәуекел ет, сапарға шығарда киер киіміңді, ішер асыңды сайлап қойып тәуекел ет. Еш әрекетсіз, «басқалар береді екен» деген дәмемен алақан жаю тәуекелшілік емес. Ол қоғамның тәртібіне де қайшы іс. Әрине, кішкентай бірнеше балаларымен асыраушысынан айырылып қалған нәзікжанды болса немесе еңбек етуге денсаулығы жарамайтын науқас болса, түсінуге болады. Олар шын мұқтаж жандар. Оларға берілген көмек – сауапты іс. Ал масылдық мұқтаждық емес, ол шариғатта да құпталмаған тірлік, – дейді облыстық орталық мешіттің найб имамы Ғалымбек Жапек.

Бейқамдықтың кесірін бүлдіршіндер де тартуда

Бұл дерттің кесірі кішкентай бүлдіршіндерге де тиіп жатқаны жанға батады. Кейбір өте жеңіл ойланатын ересектердің туған баласын мемлекеттің қарауына тастап кететін бейқамдықтары, жүрексіз қылықтары өзекті өртейді. Олай дейтініміз – ересектердің қарауынсыз қалған талай бүлдіршін тірі әке-шешесінің мейріміне зәру күйде мемлекеттің қамқорлығында өсіп жүр. Бұрын кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы болған мекеме 2018 жылдан бері «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына» қосылып, қараусыз балалардың ата-аналарының қамқорлығы анықталғанша да аталмыш мекемеде күн кешеді. Кейін әлеуметтік статусы анықталғаннан соң «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиеленушісі болып қалады. Бұл жөнінде анығырақ аталмыш мекеме басшысынан сұрадық

Оңтайландыру мақсатында қайта құрылғаннан кейін өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталықтары қызметінің үлгiлік қағидалар негізінде Орталықта 2 қызмет түрі жұмыс атқарады. Бірінші қызмет түрі – өмірлік қиын жағдайдағы балалармен жұмыс жүргізу. Онда бас сарапшы, 3 педагог-психолог, 3 әлеуметтік педагог, 1 заңгер, 9 тәрбиеші, 2 медбике жұмыс істейді. Бұл қызметте қазіргі таңда 36 бала тәрбиеленуде.

Екінші қызмет түрі – балаларды отбасына орналастыруға көмек және қабылдаушы отбасыларын қолдау қызметі. Мұнда да бас сарапшы, 3 педагог-психолог, 3 әлеуметтік педагог, 1 заңгер, 15 тәрбиеші қызмет көрсетеді. Бұл қызметтен қазіргі 56 бала тәрбиеленуде.

Бүгінгі таңда орталықта тәрбиеленіп жатқан балалардың 34-інің ата-аналары ата-аналық құқығынан айырылса, 1 балаланың ата-анасы денсаулығына, анығында созылмалы ауыратынына байланысты медициналық қорытындымен ата-аналық құқығынан шектелген. Заң талаптарына сәйкес балалардың ата-аналарымен кездесуі, тек қана бұл балаға теріс әсер етпесе ата-аналардың өтініші бойынша қорғаншы және қамқоршы орган баламен кездесуіне рұқсат береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.