ДОМБЫРА– ҰЛТТЫҢ ҮНІ, АСТАНА – ҚАЗАҚТЫҢ АҚОРДАСЫ

31
Тарихы мен табиғаты, сәулеті мен бүкіл тіршілігі дара, ғажап үлгілі, күйіміздің күмбірі, тарихымыздың түндігі, көңіліміздің жыр-гүлі жас қала Астананың күн сайын еңсесі биіктеген калаға айналуы өзімізді сүйсіндіріп, әлем жұртын көркімен тамсандыруда.
Елімізде жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде «ұлттық домбыра» күні аталып өтіледі. Бұл күні домбыра мен қазақтың халық музыкасының мәдениетіне арналған түрлі іс-шаралар, концерттер, байқаулар мен көрмелер ұйымдастырылады. Аталмыш мереке Қазақстанның дәстүрлі музыкасымен танысу ғана емес, сонымен қатар еліміздің мәдениеті мен ұлттық болмысындағы домбыраның маңыздылығын атап өтуге мүмкіндік береді.
Бүгін Орталық алаңда «6-шілде – Астана қаласының туған күні» және
«ұлттық домбыра» күндеріне арналған
«Домбыра – ұлттың үні, Астана – қазақтың Ақордасы» атты мерекелік іс-шара өтті.
Іс шараның шымылдығын «Домбырашылар ансамблі» «Күй тартыс» күйімен ашты. Сәні мен салтанаты келіскен кеште аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, елдігіміз айғағы болған арайлы Астанамыздың және ұлттық құндылығымыз домбырамыздың мәңгі жасай беруіне тілектестігін жеткізді. Сондай — ақ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының кеңесшісі Маралтай Райымбекұлы да ізгі тілегін жолдап, жырдан шуақ шашты. Ауданымыздың экономикалық — әлеуметтік дамуына үлес қосқаны үшін аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Жаңатас қалалық өнер мектебінің директоры Нұрлан Байділдаев «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар, Халықаралық және Республикалық жарыстарда ауданымыздың абыройын асқақтатып, ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен ұлтымыздың символы болған домбыраны дәріптеу жолындағы еңбегі үшін Жаңатас қалалық өнер мектебінің оркестрі, жуырда өткен «Ауыл-Клуб» облыстық АРТ-тимбилдингінде 3 — ші орын алған мәдениет үйі мен клуб меңгерушілері, аудандық «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық конкурсының жеңімпаздары, «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен «Жайнай бер, Жаңатасым» атты тазалық шарасына белсене қатысқандар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, бағалы сыйлықтар және ақын Маралтай Райымбекұлының кітабы табысталды.
Шара концерттік бағдарламаға ұласып, эстрада жұлдызы, жерлес әнші Мақсат Ынтықбаев әуеле ән шырқаса, «Айжанқыз» халықтық бишілер ұжымы мың бұрала биледі. Аудандық мәдениет үйінің әншілері де патриоттық әндер шырқап, көрермендердің ықыласына бөленді. Сарысу ауданының ауылдық клуб меңгерушілерінен құралған «Чемпиондар» командасы өнерлерін көрсетсе, көрермендер арасында интеллектуалды ойындар ойнатылып, естелік сыйлықтар берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.