Әлеуметтік желіде «Ерке сылқым», «Балбырауын» күйлерін шебер орындаған Нью-Йорк тұрғыны Жеф Гершке ақжарма тілек жазып, алғыс жаудыртып жатқандар жетерлік. Америкада түрлі топта өнер көрсеткен кәсіби гитарашы әрі композитор Жефтің домбыраға қалайша қызыққанын білгісі келетіндер де баршылық. Алғашында домбырада ойнауды YouTube, сосын Zoom арқылы үйренген ол былтыр арнайы Астанаға ұшып келіп, Домбыра академиясының оқытушысы Айгерім Мырзахметтен бір жарым апта бойы үздіксіз сабақ алған. Алдағы уақытта Қазақстан сахнасында өнер көрсеткісі келетін Жефке хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
Домбырада мен білмейтін бір сиқыр бар
– Домбыра академиясының ресми парақшасынан «Ерке сылқым» күйін нақышына келтіріп орындағаныңызды көріп, домбыраны алғаш рет небәрі екі жыл бұрын ұстағаныңызға сене алар емеспін.
– Домбыра секілді ғажап аспаптың үнін 2 жыл бұрын емес, 20 жыл бұрын естігенімде ғой.
– Әлгі видеоны көрген көпшілік музыкалық білімі бар болуы керек дегенді алға тартады. Кәсіби музыкантсыз ғой расымен?
– Иә. Мен Нью-Йоркте тудым. Өмір бойы осы қалада тұрып келемін. 6 жасымнан бастап музыкамен айналысамын. Алғаш рет қолым тиген аспап – пианино. Сосын 11 жасқа толғанда гитараға көңілім ауды. Сол кезде болашағымды музыкамен байланыстыратынымды түсіндім. Осылайша, бала кезде, сосын мектепте, одан кейін колледжде музыкаға қатты ден қойдым. Түрлі топта өнер көрсеттім. Колледжде оқып жүргенімде өзге мәдениеттің музыкасына деген қызығушылық пайда болды. Гитарашы болған соң, ішекті аспаптарға қатты қызықтым. Әсіресе, Жапонияның шамисен, Африканың кора секілді ұлттық аспаптары қызықтырды. Алайда ол кезде мен домбыра туралы білмеген едім. Бәлкім, бір жерден үнін естіген шығармын, бірақ жеке аспап ретінде одан хабарым болмады. Ол кезде, яғни 1999-2000 жылдары бар ойым шамисенде болатын. Есейген соң түрлі стильдегі музыкаларды ойнап, фильмдерге музыка жазып жүрдім. Көбіне дыбыссыз киноларды (silent films) музыкамен сүйемелдейтінмін. Жеті жыл бұрын YouTube-ты «ақтарып» отырғанымда бір ерекше видеоны көзім шалды. Өзіңіз білесіз, YouTube-қа бірдеңе іздеп кірсең, бірінің артынан бірі түрлі видео шығып, соңында басқа нәрсеге қызығып кетесің ғой. Мен көрген әлгі видеода үлкен концерт залда төрт музыкант орындықта отырып, өнер көрсетіп отыр. Артында оркестр мүшелері бар.
– Иә, бір миллионнан астам қаралым жинаған күй тартыс.
– Иә, олардың әрбірі әр күйдің әр бөлігін домбырада ойнап, соңында бәрі бірге қосылып, одан соң оркестрмен қосыла орындайды. Әлгі видеоны көргенде таңғалысымда шек болмады. Себебі мен өмірімде мұндайды тыңдап көрмегенмін. Алғаш рет тыңдаған кезде екі-ақ ішегі бар аспаптан осыншалық жойқын әрі пәрменді дыбыс шығып жатқаны қатты таңғалдырды. Ішекті аспаптарды зерттеп жүрген музыкант ретінде, домбыраның үнін бұрын қалай естімегенмін деп таңғалдым. Сол кезде өзіме «Маған мына аспапта ойнауды үйрену керек. Мына аспапты дереу тауып алу керек» дегенім есімде. Бұл мен үшін челлендж болды. Өте қатты қызықтым. Мен Нью-Йоркте тұратын Нұршат есімді әйелді танитын едім. Мен оған домбыра секілді жаңа аспапқа қызығып жүргенімді айтқан едім. Бірде ол Қазақстанға туыстарына бара жатқанын айтты. Оған егер қиын болмаса, бір домбыра әкеп беруін өтіндім. Ол сөзімді екі етпей, Қазақстаннан бір домбыра әкеп берді. Содан соң YouTube-тан домбырада қалай дұрыс ойнау керек екенін үйрететін видеолар іздестіре бастадым. Сосын «Нар ағашы» күйін тауып алдым. Оны бірнеше күнде өз бетімше үйреніп алдым. Содан соң «Ары қарай енді не болар екен?» деп ойландым. Өйткені интернетте күйді үйретуге бағытталған нұсқаулығы бар видео жоқтың қасы. Сосын домбыраны ысырып қойып, оны көпке дейін қолыма алмадым. Дейтұрғанмен, бәлкім осы аралықта әлдебіреулер нұсқаулығы бар видеолар жүктеп қойған болар деп, ара-тұра YouTube-ты тексеріп жүрдім. Одан ештеңе таппаған соң, 2020 жылы бірнеше домбырашының Instagram парақшасына жазылып, оларды сырттай бақылап жүрдім. Бұл әрекетім домбырада ойнауды шындап үйренуге желпіндірді. Себебі олардың парақшаларына жүктеген видеоларын тыңдағанымда домбыраның үнін алғаш рет тыңдаған кездегі сезімді қайтадан бастан кешірдім. Сол кезде бәлкім осы домбырашылардың біреуімен хабарласып көрсем, олар маған онлайн режимде үйрете алатын шығар деп ойладым. Алайда оларға жазуға сол күйі дәтім бармады. Сөйтіп жүргенде Қазақстанда домбыра тартуды үйрететін Айгерім есімді музыкант менің парақшама жазылды. Ізінше екеуіміз хат жазыстық. Ол менің қазақ музыкасына деген қызығушылығымды сұрады. Бұл – таңғаларлық жағдай, себебі дәл сол уақытта қайтсем домбыра тартуды үйренсем болады, кімнен сабақ алсам болады деп ойланып жүрген едім. Айгерімнің мұны қайдан сезіп қойғанын білмеймін.
– Сәйкестік деп осыны айтыңыз.
– Иә. Мұны өзіне де айттым. Ол да таңғалды. Сөйтіп, 2020 жылдың наурызында Айгерім мұғалімнен Zoom арқылы сабақ ала бастадым. Сөйтіп, одан екі жыл бойы апта сайын үздіксіз сабақ алып жүрдім. Содан соң былтыр қазанда домбырамды алып, Қазақстанға екі аптадан астам уақытқа барып қайттым. Ондағы басты мақсатым – домбыра тартуды мұғалімімнен бетпе-бет отырып үйрену. Алғашқы аптада Алматының көрікті жерлерін араладым. Сосын, әлбетте, бірнеше концертке бардым. Алматыда мен барған алғашқы концерт – жетіген аспабын насихаттап жүрген Тұрсынай Әлібекқызының ән кешінен алған әсерімді әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Тұрсынай жетігеннен бөлек, домбырада шебер ойнайды екен. Концерт кезінде сахнаға алты домбырашы шығып, Тұрсынайдың екі жағына бір аяқпен тізерлеп отырды. Сосын жетеуі бірге бір уақытта бірнеше күйді керемет орындады. Жүрегімді қозғаған ең эмоционалды сәт сол кез болды. Өйткені мен домбыраны кәсіби музыканттардың тартқанын бірінші рет естідім. Олардың орындауын естіген кезде көзіме еріксіз жас келді. Сөзбен сипаттап айта алмаймын, алайда домбырада мен білмейтін бір сиқыр бар. Қарап тұрсаңыз, бұл аспаптың маған еш қатысы жоқ. Мен – америкалықпын, қазақ мәдениетімен еш байланысым жоқ. Дейтұрғанмен, домбыраның үнін естіген сайын мені сол аспапқа қарай тартып, баурап алатын бір нәрсе бар екенін сеземін. Тек домбыраның үні ғана емес, жалпы қазақтың дәстүрлі музыкасы мені бейжай қалдырмайды. Көп әуенді естіп, рухтандым, желпіне түстім. Расымен, таң-тамаша болдым. Сол концерттен соң домбыра тартуды үйренуге деген қызығушылық одан әрі арта түсті. Бетпе-бет өтетін сабақты тездетіп бастауға деген ерекше құлшыныс пайда болды. Алматыда музыкалық аспаптар музейін араладым. Сол жерде жүргенімде ертесі бір концерт болатынын естіп-білдім. Ол концертті көруге асықтым. Онда домбырашылармен қатар қобызшылар да өнер көрсетті. Сол жерде тұрғанымда бір әйелмен сөйлестім. Ол Қазақстанға не үшін келгенімді сұрады. Оған жөнімді айтып, бәрін түсіндіріп айттым. Концерт біткен соң ол мені дәстүрлі музыкада өзіндік орны бар тұлғалармен таныстырды. Сосын ол әлгі музыканттардың біріне барып, менің Астанада қандай іс-шараға барсам болатынын сұрады (күліп).
Содан соң ол келесі күні сол музейде түсіретін ТВ шоуды тамашалауға шақырды. Онда домбырашылар сұхбат беріп, артынша өнер көрсетеді екен. Шоуға барып, ұмытылмас әсер алып қайттым. Шамиль Әбілтаев есімді домбырашымен танысып, жақсы араласып кеттім. Не керек, сол кештің соңында олар маған домбыра тартқызып, ақыры әлгі бағдарламаға мені де түсірді (күліп). Онда жанашыр, қолдаушы адамдарды көп кездестірдім. Бәрі мен ойлағаннан да асып түсті. Сосын Астанаға жол тартып, онда бір жарым апта болдым. Алайда онда турист болуға мүмкіндік бола қойған жоқ. Себебі мен сонау жерден тек сабақ алу үшін келген соң, Айгерім мұғалімнен күн сайын интенсивті түрде сабақ алдым. Әйтеуір, екінші домбырашымен бір уақытта тарта алатын күнге жеттім-ау (күліп). Себебі Zoom арқылы сабақ алған кезде мұғаліммен бірге бір уақытта бірдей етіп тарта алмайсың.
Астананы аралап жүріп Америка ескіріп қалған ба деген ойға келдім
– Екі апта Қазақстанда жүрген уақыт ішінде сізді не нәрсе қатты таңғалдырды?
– Ең алдымен, көздің жауын алатын табиғаты. Шарын шатқалы, Көлсай, Қара шатқал секілді әсем жерлерге табаным тиді. Сосын көпшілік тамсанатын Медеу мұз айдынына көтерілдім. Керемет жер! Алайда бұл – мен көруге тиіс Қазақстанның бір кішкене бөлшегі ғана. Келесі жылы келетінім айдан анық. Сол кезде біраз өңірді аралағым келеді. Мені тағы бір таңғалдырған нәрсе – адамдардың табиғаты. Мен кездестірген әрбір тұрғыннан мейірімділік иісі аңқып тұрды. Жолымда сондай жанашыр, сондай ашық жандар кезікті. Сосын, әлбетте тағамдар қатты ұнады. Жылқы етін көп жедім. Жалпылама айтсам, «мынау ұнады», «ана жері ұнады» деп бөліп-жармаймын. Маған бәрі, бәрі ұнады. Айтпақшы, бас қаланың түр-сипаты ерекше ұнағанын айта кетейін. Астанаға тек сабақ үшін барсам да, уақыт тауып, біраз жеріне бардым. Қаланың ескі бөлігін, сосын ұлттық музейді бес сағат араладым. Қаланың соншалық заманауи үлгіде салынғанына таңғалдым. Мұны көрген соң Америка ескіріп қалған ба деп деген ойға келдім (күліп). Әлбетте, әр елдің өзіндік ерекшеліктері бар. Нью-Йорк – сөзсіз, керемет қала. Алматы мен Астанадан өзгеше. Алайда Астананың өзіндік артықшылығы бар. Онда мен концертке бардым. Назарбаев университеті оркестрінің мүшелерімен танысып, бірге домбыра тарттық. Мұнда да ұмытылмас әсер алдым. Жалпы, Қазақстанда домбыра аспабын қатты құрметтейтініне көзім жетті. Өз аспабын осылай ерекше қадірлейтін басқа елді көрмеппін. Сіздерде үлкені былай тұрсын, тіпті кішкентай балалар да домбырада ойнаудың шебері болып алған ғой.
– Бізде ел ішінде «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейді.
– Иә, мен соны түсіндім. Мені қатты таңғалдырған осы нәрсе болды. Бір ғана аспаптың сіздерді бір шаңырақ астына біріктіріп, мәдениеттеріңізді соншалық айшықтайтынына таң-тамаша болдым. Әлем бойынша мұндай ерекшелігі бар басқа ел ойыма да келмейді. Бір ғана аспаптың мемлекетте, әрі мәдениетте үлкен рөл атқаратынына таңғалдым. Мұндай айрықша аспапты кеш болса да, тани бастағаныма шексіз қуаныштымын. Қазір шама-шарқым жеткенше оны дұрыс үйренуге талпынып жүрмін. Негізі, музыканттарға өзге елдің аспабын үйрену еш қиын емес. Алайда олар өз «түсінігіне» салып ойнайды. Көп жағдайда ол аспапты ойлап тапқан елдің мәдениетін зерттеуге, соның ішінде музыкасын, техникаларын зерттеуге уақыт құртып жатпайды. Ал мұнда сол елдің мәдениетіне, аспабына, халқына деген құрметтің кем болғаны білініп қалады. Ал есейген кезімнен бері өзге елдің мәдениетін қатты құрметтеймін. Музыкасына асқан сыйластықпен қараймын.
– Қазір күй қоржыныңызда қанша туынды бар?
– Қазір санап көрейін. Мен тізімге жазып жүрген едім. Бір, екі, үш, төрт (санап)…он алты, он жеті. Иә, жалпы саны он жеті күй тарта алады екенмін. Қазір он сегізінші күйді үйреніп жатырмын. Бірақ неғұрлым көп күй үйренсем, алғашқы үйренгендерімді соғұрлым тез ұмытып қаламын. Сол үшін үнемі тартып, еске салып тұрамын.
– Мұның бәрін екі-ақ жылдың ішінде үйренгеніңізге тағы таңғаламын.
– Иә. Кәсіби гитарашы болған соң, көп жерін тез ұғынып алдым. Лезде қағып алдым. Алайда гитараға қолданатын кейбір әдістер домбыраға келмейді. Техника жағынан біраз қиналдым. Оған қоса гитараны медиатормен ойнайсың ғой, ал домбыраны саусақтармен тарту керек. Мен үшін жаңалық осы ерекшелік болды. Дегенмен бірте-бірте үйреніп кеттім. Екі жыл бұрынғымен салыстырғанда қазір техникам біраз жақсарған. Алайда әлі үйренерім көп. Осы ретте маған бұл керемет аспапты үйреткен Әйгерім ұстазыма алғысым шексіз. Өте білікті, керемет жан. Сабақ кезінде мен барлығын дұрыс істеп отырған секілді сезінемін, алайда Әйгерім орындауымнан ұсақ-түйек детальдар тауып алып, мені үнемі түзетіп отырады. Менің кәсіби деңгейдегі күйші болғанымды қалап, рухтандырып отырады. Әлбетте, музыкант болғасын кейбір қабілетім домбыраны тез үйренуіме септігін тигізген болар. Дегенмен қазіргі шеберлігімнің басым бөлігі – сол кісінің арқасы. Ә дегенде интернеттен үйрене бастаған кезде мұның соңы қалай боларын білмедім. Алайда онлайн сабақ мен ойлағаннан да жақсы нәтиже берді. Дейтұрғанмен, бетпе-бет отырып үйренгеннің жөні бөлек екен.
– Домбыра тартуды үйренудегі басты мақсат не?
– Басты мақсатым – домбырада қазақтар секілді емін-еркін ойнағым келеді (күліп). Әрі қазақтар жақсы қабылдайтындай шебер ойнағым келеді. Сондай-ақ Қазақстанға барып концертте өнер көрсетуді көздеймін.
– Бірақ сіз қазірдің өзінде-ақ қазақтар секілді керемет тартасыз ғой. Әрі біз сізге қазақтар жақсы қабылдағаннан кейін хабарласып тұрмыз.
– Онда кәсіби қазақ музыкант секілді ойнағым келеді (күліп). Менің арманым – Қазақстан сахналарында жекелей және топпен бірге өнер көрсету. Қандай музыка, оны қашаннан бері үйренсең де, әлі білмейтініміз көп. «Білдім, болды» деуге болмас. Сондықтан алдағы уақытта біраз аспап пен көп күйді үйренгім келеді. Сосын маған тағы бір стиль ұнап қалды. Қалай аталушы еді? Домбыраны шебер тартумен қатар, керемет дауыспен ән шырқайды. Фольклорлық ән бе екен, әлде басқа ән айтып тұр ма мында? (Сәуле Жаңабергенованың ән айтып тұрғаны таспаланған видеоны жіберіп).
– Дәстүрлі ән.
– Сол дәстүрлі әннің әуендерін үйренсем деймін. Алайда мен ән айта алмаймын, бірақ бұл әндердің әуеніне ғашықпын. Мына кісінің нақышына келтіріп ән айтумен қатар, домбыраны қалай керемет тартқанына тамсандым. Алдағы уақытта дәстүрлі әндердің музыкасын үйренуді қолға аламын.
– Әңгімеңізге рахмет! Өнеріңіз өрге жүзсін!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ