Діни білімді өз елімізде алған абзал

489

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі алғашқы жылдары қазақстандық жастардың бір бөлігі діни-теологиялық білім алу мақсатында көптеген шет мемлекеттерге оқуға кетті. Олардың көпшілігі білім алуға барған елдің саяси ахуалынан, ұстанатын діни бағытынан хабарсыз болды. Өз мәдениетін, ата-бабасы ұстанған жолды дұрыс түсінбей, діни білімнің терең тұңғиығына бойлап кеткен кейбір азаматтарымыз өзге жат діни идеологияның шырмауына түсіп қалғанын өздері де сезбей қалды.

Діни білім алу үшін ең ыңғайлы болған Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігі артып, дінаралық қақтығыстардың белең алуымен және экстремистік, сондай-ақ, террористік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуымен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрт күрделеніп кетті. Сонымен бірге, әртүрлі жалған және деструктивті ұйымдардың қызметі ашық насихатталып, басқа елдерден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтарын өз қатарларына тарту  фактілері орын алуда.

Қазіргі таңда Қазақстан билігі сырттан діни білім алуға ұмтылған жастарды бөтен ойлы деструктивті ұйымдардан сақтандыру ісін қолға алып, сырт елдерге діни сауатын көтеруге ұмтылған жастарға түрлі талаптар қойып, олардың білім алу барысын қадағалауды күшейтті. Енді шетелде діни білім алуға ниетті жастар алдымен өз елімізде базалық діни білім алып (бакалавр), содан кейін ғана шетелдік діни білім беретін оқу орнына мемлекет тарапынан берілетін арнайы жолдама негізінде оқуға түсе алады. Мысалы, Мысырдың белгілі діни оқу орны әл-Азхар университеті  Қазақстаннан тек жолдамасы бар студенттерді ғана қабылдайды. Бұдан бөлек студенттер, барған елінде дін істері комиететі тарапынан әзірленген «Қазақстан Республикасының шетелге білім алуға шығатын азаматтарына арналған дін мәселелері бойынша жадынама» атты құжатта көрсетілген талаптарды орындауы қажет. Мұның бәрі мемлекетіміздің өз азаматтарын шетелде жүрген кезінде қорғауға, қиыншылыққа тап болғанда дер кезінде көмек бере алу үшін жасалынып жатыр.

Соңғы жылдары мемлекетіміз өз елімізде діни мамандар дайындау бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда. Осы бағытта, жастардың шетелдік күмәнді діни оқу орындарына түсіп, санасының улануының алдын-алу және діни экстремистік идеялардың  таралуына тосқауыл қою мақсатында сапалы діни мамандар даярлайтын бірқатар отандық діни оқу орындары ашылды.

Бүгінгі күні Қазақстанда   «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан облыстарында 9 медресе қызмет етеді, бұдан өзге православие мен католиктік діни семинариялар жұмыс істейді.

Елімізде жоғары білімді теолог, исламтанушы мамандарды даярлау мақсатында 2003 жылы  Алматыда «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті ашылды. Алғаш құрылған жылдардан қазіргі кезге дейін университет елдің белді діни оқу ордасына айналып үлгерді. Бүгінде аталған білім ошағы қазіргі күннің талаптарына жауап беретін жоғары білімді әрі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандарын даярлаумен айналысады.  Осы оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған. Университетте ислам дінін оқытатын мұсылман елдерінің жетекші ғалымдары сабақ беретіндіктен, студенттер шет елге шықпай-ақ Қазақстанда да шет елдің білім деңгейіне сай білім алып шыға алады. Қазіргі күнде аталған  оқу орнында Жамбыл  облысынан 94 студент білім алуда.

Сонымен қатар, зайырлы білім берудің бөлігі ретінде елімізде алты жоғары оқу орнында «Дінтану» мамандығы бойынша кадрлар дайындалады. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атын-дағы Еуразия ұлттық университеті, Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов атын¬дағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Алматы қаласындағы Нүр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті,  Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Алматы қаласындағы Шет тілдері және іскерлік карьера университетінде  дінтану мамандары даярланады.

Жоғарыда аталған университеттерде облысымыз бойынша жалпы 31 студент оқуда. Атап айтқанда,  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 19, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде  7, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде  5 студент оқиды.

Осы тұста тағы бір ескере кететін жайт, соңғы жылдары мемлекет тарапынан дінтанушы мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру гранттарының саны артып келеді. Мысалы, 2019 жылы Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Дінтану және теология» мамандықтарын даярлауға бөлінген білім гранттарының негізінде 332 түлек оқуға түссе, 2019-2020 жылға арналған  оқу жылында аталған мамандықты даярлау бойынша 430 грант бөлінген. Ал, дінді тереңірек зерттеуге ниеттенген жастар үшін «Исламтану» мамандығына 2018-2019 жылы 250 білім гранты бөлінген.  Бұл діни білім алуға ниетті жастар үшін мемлекет тарапынан жасалған  керемет мүмкіндік.

Қазіргі уақытта елімізде дінтанушы  мамандарға мемлекеттік қызметте, оның ішінде министрлікте, дін істері комитетінде,  жергілікті әкімдіктердің дін істері, ішкі саясат, жастар басқармаларында, құқық қорғау органдарында, ғылыми-зерттеу институттарында, мұражай орталықтарында, діни ұйымдарда, мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары ретінде сұраныс жоғары.

Қорыта айтқанда, жастарымызға бастапқы діни білімді яғни, бакалаврлық базалық білімді шет елдердің діни білім орталықтарында емес, өзіміздің отандық оқу орындарында алғаны абзал. Жоғарыда айтып өткеніміздей, өз елімізде де білікті мамандар дайындайтын жоғары оқу орындары жеткілікті. Ойымызды түйіндеп айтар болсақ, болашағын дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге арнаған қазіргі жастарға өз Отанында кәсіби білім алудың барлық мүмкіндіктері жасалған.

А.Калмырзаев,

Жамбыл облысы

әкімдігінің дін істері басқармасы  христиан және басқа да діни  бірлестіктермен

байланыстар  жөніндегі бөлімінің бас маманы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.