«Димашқа қазыны көйлегімнің ішіне тығып апардым»: Майра Ілиясова Қытайдағы гастролдік сапары туралы айтты

63

Димашты елге танытқан – Майра Ілиясова деген сөз бар.

“Ондай әңгімені өзім де естідім. Ол артықтау болған сөз. Менің концертіме дейін Димаш танылып қойған. Қанат пен Света Айтбаевтар – елге белгілі әншілер. Алматыда болатын кештерге Ақтөбеден келіп қатысатын. 25 жылдан бері жақсы танып, араласамыз. Бір тойда Димашпен таныстық. Ол кезде 9-сыныпта оқиды. “Даусы қандай керемет” деп таңғалғаным есімде. “Жан анам” деген концертке шақырдым. Әке-шешесін концертке шақырмай, “Димашты алып келіңдер, өздерің еріп келіңдер” деп тапсырып кеттім. Ерекше дауыс иесі концертімізге жан бітіргендей болды”, – дейді өнер иесі.

Сондай-ақ әнші Қытайдағы гастролдік сапарында Димашқа қазыны қалай жеткізгенін де айтып берді.

“Мені Айман Мұсаходжаева Қытайға 40 күнге гастролдік сапарға жіберді. 60 адамдық әлемнің 15 елінен жиналған мықты аспаптарда ойнайтын оркестрмен өнер көрсеттік. Сол кезде Димаш “Дайдидау” әнін айтты. Халық өте керемет қарсы алды. Біз 3000 адам жинасақ қуанамыз, оларда миллионнан астам көрермен концерт көруге келеді. Бір продюсердің 50 көмекшісі бар. Қатты таңғалып қайтқаным есімде. Ол кезде Димаштың конкурста жүргенін білмейді екенмін. Елге ат ізін салмай кеткеніне көп болған сияқты, қазы жегім келіп жүр деп айтыпты. Үйдегі ең керемет қазыны асып, кептіріп, чемоданға салып апаруды ойладым. Бір кезде Света “Қытайдың шекарасынан қазыны алып өте алмайсыздар. Біз қаншама рет апармақ болып едік, өткізбеді, әуре болмаңыз” деді. Ұзын қазыны асып, дайындап қойғам. Бір кезде бір қарыс етіп кесіп алдым да, көйлегімнің ішіне орап тастадым. Қытайлар байқамай қалды. Димаштың ең бірінші сөзі: “Майра апай, қазы әкелдіңіз бе?” болды. Сөйтіп қытайлардан қулықты асырып, қазы тасығаным бар”, – дейді продюсер. https://stan.kz/dimashka-kazini-koylegimnin-ishine-tigip-apardim-mayra-393158/

Leave A Reply

Your email address will not be published.