Биыл ақпанның аяғында Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп азаматтардың депозитке теңгемен жинаған қаражатына бюджет есебінен мемлекеттен өтемақы (сыйақы) беретіні туралы мәлімдеген еді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, өтемақы геосаяси жағдай мен басқа да факторлардың ықпалынан құбылған қаржы нарығын, қаражатын депозитке теңгемен жинаған салымшыларды қолдау үшін беріледі.
Қазір бағдарламаның талаптары бекітілді. Компенсацияны алу үшін 2023 жылғы 1-қаңтарға дейін депозит ашылған банкке өтініш беру керек. Қазір екінші деңгейлі банктердің көбі өтінішті онлайн немесе ұялы телефонға арналған қосымша арқылы қабылдап жатыр.
Сыйақыны кімдер ала алады?
Сыйақыны бір немесе бірнеше екінші деңгейдегі банкте және «Отбасы банк»-те депозиті бар, жинағын теңгемен сақтаған жеке тұлғалар ала алады. Өтемақы ретінде 2022 жылғы 23 ақпанда сағат 23:59-да депозитте жатқан соманың 10 пайызы түседі. Бірақ жинаған қаражат 20 миллион теңгеден аспауы керек. Яғни бір адамға берілетін өтемақы шегі – 2 миллион теңгеге дейін.
– 10 пайыз мөлшеріндегі өтемақы (сыйлықақы) әрбір банкте 1 адамға 2022 жылғы 23 ақпан күнінің соңындағы қалдықтар шегіндегі жалпы сомада, бірақ Бағдарламаны іске асыру басталған кезден бастап 12 айдан кейін 20 млн теңгеден аспайтын сомадағы (салымның нақты сомасы 20 млн теңгеден аспайтын болса, сол сомадан астам емес) көрсетілген салымдарға 1 рет есептеледі, – деп жазылған Үкімет хабарламасында.
Бағдарлама қолданыстағы карточкалық шоттарға, сондай-ақ талап етілгенге дейінгі депозиттерге (банктерге белгілі бір мерзімге және пайыз төлеу шарты бойынша салынғанклиенттердің уақытша бос қаражаттары) және шартты депозиттерге (бұл салымшылардың бастапқы талап етуіне байланысты әр түрлі төлем құжаттар арқылы қолма-қол ақша алатын әтүрлі шоттардағы қаражат) қатысты емес.
Өтемақыға (сыйлықақыға) жеке табыс салығы салынбайды.
Депозиттегі ақшаны алу, толықтыру сыйақыға қалай әсер етеді?
Сыйақыны алудың міндетті шарты – депозиттегі қаражатты бағдарлама басталғаннан бастап кемінде 12 ай, яғни 2023 жылғы 24 ақпанға дейін сақтау.
Өтемақы 2023 жылғы наурызда төленеді. Осы уақытқа дейін депозитті жаба алмайсыз. Егер депозит мерзімі осы уақыт аралығында аяқталса, онда шартты ұзарту қажет.
Егер ақшаның қандай да бір бөлігін шешіп алсаңыз өтемақы осы жыл ішінде салымда жатқан ең аз сома бойынша есептелетін болады. Алған ақшаны қайтадан жинасаңыз да, сыйақының өсуіне әсер етпейді. Жалпы көрсетілген шекті мерзімнен кейін, яғни 23 ақпаннан кейін депозитке ақша салсаңыз, оның ешқандай әсері болмайды.
– Екінші деңгейдегі банктегі салым мерзімінің соңына дейін, бірақ тетік енгізілген сәттен бастап кемінде 12 ай, яғни 2023 жылғы 24 ақпанға дейін салымды сақтау сыйлықақыны есептеу үшін міндетті талап болып табылады. Егер салым мерзімі өтемақы (сыйлықақы) төленгенге дейінгі кезеңде аяқталса, депозит Бағдарламаның аяқталу мерзіміне дейін ұзартылуы тиіс. Салымды ішінара алу кезінде өтемақыны (сыйлықақыны) төлеу жоғарыда көрсетілген лимиттерді ескере отырып, ақша алынғаннан кейін салым қалдығының сомасына жүзеге асырылады, – деп жазылған ресми мәлімдемеде.
Мысалы, 23 ақпаннан 24 ақпанға қараған түні депозитте 700 мың теңге болды делік. 1 наурызда оның 500 мың теңгесін алып алдыңыз. Кейін, өтемақы төленетін уақытқа дейін депозитке қайта ақша салып, бастапқы 700 мың теңгені қайта жинадыңыз. Осы уақыт аралығында сіздің депозитіңіздегі ең аз сома – 200 мың теңге болды. Сізге сол 200 мыңның 10 пайызы, яғни 20 мың теңге берілетін болады. Яғни өтемақы мөлшері азаяды.
Яғни, мейілінше жинақтан ақша алмаған жөн. Салым шарттары өзгермеуі керек.
https://turkystan.kz/article/201270-depozitke-10-payyz-syyaky-ony-kimder-ala-alady/