Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен маусым айының үшінші жексенбісі «Әкелер күні» мерекесі болып бекітілген. Биыл бұл мереке маусымның 16-на тұспа-тұс келіп отыр.
Елімізде енді-енді тойлана бастаған бұл мерекенің мәні мен маңызы зор. Табиғатта кез келген жаратылыстың тамыры, діңгегі болатыны белгілі, ал отбасындағы бұл міндетті атқаратын ол — Әке.
Бүгін аудандық мәдениет үйінде Әкелер күні мерекесіне орай, «Әке – отбасының тірегі» атты аудандық кездесу-форумы өтті.
Форум басталмас бұрын аудан әкімі Сәкен Мамытов бастаған форум қонақтары мен аудан тұрғындары мәдениет үйінің фойесіне орналасқан мерекелік көрмені тамашалады.
Форум әдемі бимен, әсем әнмен, әсерлі көрініспен басталды.
Шараға қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов жиналғандарды Әкелер күні мерекесімен және форумның ашылуымен құттықтады.
«Әке деген ұлы есім. Қазақ отбасында әкенің алатын орны ерекше. Әке- шаңырақтың тірегі, қамқоршысы, асыраушысы, тәрбиешісі. «Әке самайындағы шашты аңғармаған бала, өз маңдайыңдағы бақты бағалай алмайды», – деген халқымыз. Осыдан-ақ, әкеге деген құрметтің қандай болуы қажет екенін аңғарамыз. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау баланың парызы болмақ. Сонда ғана, әкеден алатын тәрбие де салиқалы болады», деген аудан басшысы әрбір отбасының пейіл — береке, ынтымағы арта беруіне тілектестігін білдірді.
Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, ауданда елеулі еңбек етіп жүрген бір топ әкелер «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медалімен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталды.
«Әке-отбасы тірегі» атты форум жұмысына жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Халықаралық «Дарабоз» сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбин, Қазақстан Журналистер Одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық «Ғұмыр дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, Сарысу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы Жанат Жұмаділдаев ағаларымыз қатысты.
Облысымыздың, ауданның даумына өзіндік үлесін қосқан, қосып келе жатқан, өмірлік тәжірибесі мол, елдің қадірлісіне, әрбір әулеттің бәйтерегіне айналған, аузы дуалы, сөзі уәлі ағаларымыз тақырыптық салихалы да салмақты әңгіме қозғады. Қоғамдағы, отбасындағы, бала тәрбиесіндегі әкелер рөлін насихаттап, ашып көрсетіп, «Әке» деген қасиетті ұғымды жұртшылықтың жүрегіне сезіндірді.
Айтары бар, айтулы да ардақты ел ағаларының форум жұмысында айтқан әке туралы толғанысқа толы сөздері өскелең ұрпақтың әкеге деген құрметін арттыруда берері мол болмақ.