Биыл Жамбыл облысында 65 мыңнан астам жұмыс орны құрылады

62

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте халықты жұмыспен қамту және атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсету бойынша 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар сараланды. 

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің айтуынша,  биыл өңірде 65 647 жұмыс орнын құру көзделсе, бүгінге күнге дейін 25 918 адам еңбекпен қамтылды.
Жыл басынан бері 28 912 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды (жылдық жоспар – 58 442 адам).
Жұмыс берушілер ұсынған және субсидияланатын жұмыс орындарына 22 753 адам жолданды, оның 8 330-ы тұрақты жұмысқа орналасты.
Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» туралы тапсырмасына сәйкес 2 222 жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін тағы 10 312 адамға арналған жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
Облыс бойынша 98 жоба электронды еңбек биржасына енгізіліп, 442 азамат жұмысқа орналасты.
Бүгінде 501 адамға қайтарымсыз грант берілді. Олардың қатарында: 309 көпбалалы ана, 108 мүмкіндігі шектеулі азамат, 46 мүгедек бала тәрбиелеуші, 26 асыраушысынан айырылған жан, 10 АӘК алушы және 2 қандас бар.
2025 жылдың соңына дейін тағы 500-ден аса адамның кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету көзделіп отыр.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқумен 1 315 азаматты қамту жоспарланған, бүгінде 579 адам оқуға тартылды.
2025 жылдың 1 шілдесіндегі мәліметке сәйкес 3 408 отбасындағы 18 705 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биылғы алты айда АӘК алушылар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8 933 адамға азайған.
Сонымен бірге АӘК алушы отбасылардағы 1-6 жас аралығындағы 5 848 балаға ай сайынғы төлемдер жүргізілді.
Басқарма басшысының айтуынша, ішінара зерделеу барысында 96 отбасыға АӘК заң талаптарын бұза отырып тағайындалғаны белгілі болды.
Облыс әкімі жұмыссыз азаматтарға нақты қолдау көрсетудің, еңбек ресурстарын тиімді пайдаланудың, кәсіби оқытуды жүйелі ұйымдастыру мен әлеуметтік көмек шараларының тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Барлық деңгейдегі әкімдердің негізгі міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыссыздықты азайту, кәсіпкерлікпен айналысуына жан-жақты қолдау көрсету. Әсіресе, еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту арқылы олардың табысын арттырып, мемлекетке тәуелділігін азайтуымыз қажет. – Жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аудару керек. Олар жұмыс іздеп, әр қалада сабылып жүруге тиіс емес, – деді өз сөзінде.
Ербол Қарашөкеев қоғамдық жұмыстарға бөлінетін квота санын арттыруды, сондай-ақ қайтарымсыз гранттардың мақсатты жұмсалуын тұрақты зерделеуді талап етті.
– Атаулы әлеуметтік көмек шын мұқтажға берілуі қажет. Мемлекет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуы – басты талаптардың бірі, – деген өңір басшысы АӘК тағайындауға жауапты мамандардың жауапкершілігін күшейтіп, оларды арнайы оқытуды міндеттеді.
Басқосуда көрсеткіштері төмен қалыптасқан Тараз қаласы мен Жамбыл, Мойынқұм, Шу, Қордай ауданы әкімдерінің есебі тыңдалды.

Жамбыл облысының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.