Сексеуілдің де сұрауы бар…

1 235

Елімізде 2013 жылдың 8 тамызынан бастап 2018 жылдың аяғына дейін сексеуіл кесуге мораторий жарияланғаны белгілі. Осы шектеулі мерзім ағымдағы жылдың желтоқсан айында тәмамдалады. Бес жыл бойы сексеуіл тамырына балта тигізбеген Үкімет енді қандай заң шығармақ? Қыс қылышын сүйретіп келген тұста тұрғындарға қатты отын жинауға рұқсат беріле ме? Бес жылда облыстың орман қоры молайып үлгерді ме? Әлде, бұл мәселеде әлі бауын тапса, байлауын таппай тұрған түйткілдер бар ма? Көптің көкейінде жүрген осы сауалдарға жауап табуға тырысып көрген едік.

Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы берген мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда сексеуілдің орман қоры 52 мың гектар жерді алып жатыр екен. Алайда, сексеуіл екпелерінің аумағы ұлғайғанымен, оның қоры артты деп айту ерте көрінеді.
– Жалпы орманды орналастыру жұмыстары 1992 жылы жүргізілгеннен кейін араға 8 жыл салып, 2000 жылы қолға алынды. Бұдан кейін бұл жұмыстар тек өткен жылы жүйесін тапты. Үкімет жариялаған мораторийден кейін көшет отырғызу мен тұқым себу жұмыстары жолға қойылғанымен, орман қоры 200 текше метрге кеміп кеткені байқалып отыр. Бұған адами факторлардан бөлек, табиғи апаттар да себеп. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын Шу ауданындағы Қосқұдық орман шаруашылығы аумағында 100 мың гектарға дейін орман қоры болған. Алайда, үлкен өрттен кейін сексеуілдердің біраз бөлігі жанып кетті. Өзге орман шаруашылығы алқаптарында да тілсіз жаудан келген шығын өте көп. Десе де, біз орман қорын қайта қалпына келтіру үшін жылда екпе жұмыстарын жүргізудеміз. Атап айтсақ, көктемде 1 800 гектарға көшеттер отырғызсақ, қазір күзгі сеппе жұмыстарына 3 200 гектар жерді дайындап отырмыз. Тұқымды дер кезінде сеппесең, 2-3 градусқа күн суыса өнбей үсіп кетуі мүмкін. Міне, осы мәселені де қаперде ұстап, егер күн күрт суытар болса, екпе аумағын түтіндету арқылы жылытуға қажетті құрал-саймандарымызды да сайлап қойдық.
Жалпы, сексеуілдің көшеті, әлде тұқымы болсын, бес жылда тамыр алып, жайқала өседі. Ал, ол отын ретінде жағуға жарау үшін кемі 15-20 жыл керек. Сондықтан, бес жылдық мораторий мерзімі аз болып тұр. Осыған орай облыс әкімі Ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы хат жолдап, сексеуіл отынын кесуге шектеу мерзімін тағы бес жылға ұзартуды сұрауда. Бірақ, бұл ұсынысқа министрлік тарапынан әлі нақты жауап берілген жоқ, – дейді басқарманың орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Әділ Жақыпов.
Иә, байқап тұрсақ сексеуіл мораторийіне қатысты мәселенің басы әлі ашық күйі тұрған секілді. Егер министрлік облыс әкімінің ұсынысын қолдаса, онда биыл Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандарының тұрғындары сексеуіл отынын тұтына алмайды деген сөз. Бұған бұқараның ойы қалай?
Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылдық округі әкімінің орынбасары Асет Үмбетәлиеваның айтуынша, шалғай елді мекенде сексеуілсіз өмір сүру қиынның қиыны көрінеді.
– Былтыр сексеуіл отынын кесуге шектеу қойылғанда жұртшылық қатты қиналды. Тіпті, халық аудан әкімдігіне арыз-шағымдарын қарша боратты. Содан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан арнайы маман келіп, әр отбасына бір көлік шірік отыннан үлестіруге рұқсат берді. Біз 9 153 тұрғынның тізімін жасап, Мойынқұм аудандық орман шаруашылығы мекемесіне өткіздік. Олар әйтеуір қыс біткенше үйме-үй жеткізіп берді. Ал, сексеуілді сарыла күткеннен шаршаған халықтың бір бөлігі көмір жақты. Бірақ, көмір бағасының бір тоннасы былтыр 25-30 мың теңгеге дейін көтеріліп, халықтың қалтасына қиын соқты. Оның өзі сапасы өте нашар. Қысқасы, қыстан мойынқұмдықтар қысылып шықты. Енді биыл мораторий уақыты тағы бес жылға созылады екен дегенді естіп, қуанышымыз су сепкендей басылды, – дейді округ әкімінің орынбасары.
Сарысу ауданы, Шығанақ ауылының тұрғыны Еркеғали Сейітбеков те сексеуілсіз қысты өткеріп шығу қиынға соғатындығын айтады.
– Былтырғы қыс өте қатты болды. Отын ретінде жаққан қарағайымыз бен тезегіміз үйді жылытпайды. Жол нашар болғандықтан, шалғай ауылға көмір де келмеді. Қыстың бел ортасында аудан әкімдігіне арыз жазып жүріп, көмір алдырдық. Бірақ, тасымалдаушылар жол шығынын есептеп, көмір бағасын еселеп өсірді. Оған біреудің шамасы келсе, екіншісінің жағдайы жетпеді. Сондықтан, бізге сексеуіл отынын шабуға рұқсат беру керек. Әйтпесе, биылғы қыстан қалай шығатынымыз үлкен мәселе болып тұр, – дейді ауыл тұрғыны.
Иә, тұрғындардың жанайқайын орынсыз дей алмаспыз. Қыста сексеуіл отыны берілмегені былай тұрсын, көмірдің өзі жеткізілмейтін болып жатса, халық ашынбағанда қайтсін? Егер бұқараны бұлайша тарылта берсе, ертең олар сол сексеуілді заңсыз кесетіні айдан анық. Мәселен, ресми мәліметке сүйенсек, былтырғы қыста заңсыз сексеуіл шапқан 30 азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Оның бірқатары айыппұл төлеумен құтылса, 6 заң бұзушы 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Осының өзі ойландырмай қоймайды.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында болғанымызда, мұндағы мамандар егер мораторий алынып тасталғанның өзінде, тұрғындарға сексеуілді орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері жеткізіп беретіндігін айтып қалды. Яғни, заң бойынша әрбір жанұяға 4 текше метр сексеуілден тиесілі болса, сол отынды орман шаруашылығы мекемелері құмнан жеткізіп беріп, халыққа саудаламақ. Алайда, басқарманың орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Әділ Жақыповтың айтуынша, мұндай қызмет құны қанша тұратындығы әзірге нақтыланбаған екен. Десе де, аталмыш тасымал түріне халық тағы қарсы болып отыр. Мойынқұм ауылдық округі әкімінің орынбасары Асет Қоңырбекқызының сөзіне сүйенсек, орман шаруашылығы мекемелерінің бүкіл бұқараны отынмен қамтамасыз етуге әлеуеті жетпейтін көрінеді.
– Былтыр орман шаруашылығы мекемелері сексеуілді қалай жеткізгенін көрдік қой. Олар отынды құмнан әкелеміз дегенше қыс бел ортасына жетіп, соңында көктем шығып кетті. Мәселен, Мойынқұм аудандық орман шаруашылығында қазір ары кетсе 10 трактор бар. Ол көліктермен 1 148 түтіні бар ауылды қалай қамтып үлгереді? Сосын «бірінші маған әкел, ол менен әулие ме?» деген сынды жұртшылық арасында жанжал да туып кетуі мүмкін. Сол себепті, сексеуіл тасымалын әр тұрғынның өзіне қалдырған жөн, – дейді округ әкімінің орынбасары.
Иә, жергілікті билік өкілі мәселенің мәнісін осылайша бүкпесіз айтып отырғанда, бұған біздің сенбеске хақымыз жоқ. Оған қоса, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары да орман шаруашылығы мекемелерінде штаттық бірлік пен техниканың жетіспейтіндігін жасырмауда. Демек, бұл түйткілді талқылап емес, тез арада нақтылау қажет. Сондықтан, құзырлы мекемелер екі жаққа да тиімді бір амалын табады деп сенеміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.