Биыл ақынның шығармашылық кеші өтеді

881

Облыстық «ARAI» жастар газетінің 26 шілдеде жарық көрген №30 санында журналист Нұржан Қадірәлінің «Бір ақынның сау тұрса тіл мен жағы, Мың адамның айтылар мұң мен зары!» атты белгілі айтыскер ақын, термеші Айтмұхаммед Исақовпен болған салмақты сұхбатында рухани жаңғыруға риясыз қадамдар жасап, Мәңгілік ел болуды мақсат еткен мемлекетіміздің мәдениеті үшін һәм сол мәдениет саласына маңдай терін төгіп, елеу-ескерусіз, адал еңбек етіп жүрген жандардың жүрек қылын шертіп, бүкпесіз, боямасыз шындықтың шымылдығын ашқан мәнді мәселелер айтылды. Әрине, мәдениет саласында мән беруге мұқтаж мәселелер аз емес. Соның ішінде, сұхбатта айтылғандай облыстық деңгейде ғана емес, республикалық, тіпті, халықаралық дәрежеде танылып, ел мойындаған төл өнеріміздің марғасқалары, көкейінде дүлдүл кісінеген Мұхаметжан Тазабеков, Айнұр Тұрсынбаевалар мен көмейіне бұлбұл құсы ұя салған Ғани Мәтебаев, Маралбек Бабақұлов секілді ондаған оғлан шәкірт тәрбиелеп, еліне адал еңбек сіңірген, әлі де ұстаздық биік ұстанымынан таймай, жас өрендердің өнерін ұштап жүрген Айтмұхаммед Исақовтың Жамбыл ауданында бақандай он бір жыл жұмыссыз жүргендігі көңіл қынжылтады. «Екі қолға бір күрек таппай» осыншама уақыт жүрсе де қара домбырасын тастамай және өзінің кіндік қаны тамған туған өлкесінен ешқайда алыстап кетпеген ақынның тағдыры әрбір өнер жанашырларының жандүниесін тебірентті. Ақынның жанайқайына үн қосып, өңірімізде ғана емес, ел аумағындағы өнерсүйер қауым әлеуметтік желілерде өз пікірлерін ашық айтуда. Және аталмыш сұхбатта көтерілген мәселе нәтижесіз қалған жоқ. Газет жарық көргеннен кейін бір күн өткен соң Айтмұхаммед ақынның аудандық мәдениет үйіне жұмысқа шақырту алғаны жөніндегі қуанышты хабарды естіп, көпшіліктің көңілі марқайып қалды. Бұл тұрғыда облыстық «ARAI» газетінің қосқан үлесін де ерекше айта кету керек. Айтмұхаммед ақын өзі туып-өскен Ащыбұлақ аулының ғана емес, аудан мен облыстың, еңселі еліміздің төл өнерін төбесіне көтеріп, ата-бабалардың аманатын арқалап жүрген азамат деп мақтанышпен айта аламыз. Әйгілі Кенен атамыздың «Бастау» өлеңінде: «Бас та өлең, құлақ та өлең, мұрын да өлең, Бір ақын өлсе талай қырылды өлең» деп айтатыны бар. Себебі ақынның сөзі, ол – қашан да қалың бұқараның сөзі. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен биыл көктемде Айтмұхаммед ақын «Баласағұн» орталық концерт залында жас таланттарға ауқымды түрде шеберлік сыныбын өткізді. Оның өскелең ұрпаққа тәлімді тағылым беруіне де қолдан келгенше қолдау, мүмкіндіктер жасалуда. Айтмұхаммед ақын облыста өткен және өтетін барлық айтыстарда қазылық етіп, қазылар құрамына төрағалық етуде. Жүйрікті жазбай танитын қасиеті де өз алдына бір бөлек әңгіме. Сондай дүбірлі додаларда әділ бағасын беріп, берген батасы мен бағыт-бағдарына ие болған жас өрендер күні бүгінге дейін ел сенімін сөз аламандарында абыроймен ақтап жүргеніне көзіміз куә. Қазіргі жас шәкірттерінің бірі Бақнұр Нұрман Шығыс Қазақстан облысында өткен дәстүрлі «Ақберен» байқауында жүлдегер атанып, оқу грантын иеленсе, жас та болса талай мәрте тісқаққан, әккі аға буын өкілдерімен сөз қағыстырып, республикалық додаларда топ жарып жүрген Нұрлыбек Құрмановтың да есімі елге танылып үлгерді. Айтмұхаммед ақын, өзінің ұлтарақтай ауылының аты Пионерден Ащыбұлаққа ауысқанда да жүректі тербеп, бойды баурайтын ән жазып, үлкен тарту жасады. Бұған қоса, жуырда ғана Шу ауданында еңселі Елордамыздың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық айтыста Айтмұхаммед Исақов бас жүлдені иеленді. Қанаты талса да қонбайтын, биіктен төмендемейтін текті қырандар іспетті Айтмұхаммед ақын 32 жыл бойы өнермен өмір сүріп келеді. Міне, осындай ақынның қоғамнан теперіш көріп, тасада қалғаны көңілді шоқтай қариды. Оның жеке басындағы аталмыш сұхбатта айтылған мәселемен басқарма бұрыннан бері таныс. Басқарма мамандары бір емес, бірнеше мәрте ауыл әкімі Самат Селеубаевтың да алдынан өткен. Осы Ащыбұлақ ауылына клуб меңгерушісі болып орналасуына да басқарма басшысы Д.Бықыбаев аудан әкіміне ұсыныс жасап септігін тигізген. Десе де, таяуда ақын анасының қазасына да республикадан белгілі айтыскер ақындар арнайы ат басын бұрып, келіп жатқанда аудан әкімдігінен бірде-бір маманның төбе көрсетпегені санаға салмақ салғаны жасырын емес. «Сонда Айтмұхаммед Исақовтың бар кінәсі – ақын болып жаралғандығында ма?» деген ойға қалдық. Нақты уақытта ауылдық клуб басқарма мен бөлімге емес, ауыл әкімдігінің қарамағында болғандықтан, ондағы мәселеге де ауыл әкімі жауапты екендігі айтпасақ та түсінікті. Мұндай алмас қылышты азулы ақынның ел арасында жүргенінің өзі абырой емес пе? Дегенмен, ақынның жайы басқарманың басты назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Биыл ақынның шығармашылық кешін өткізу жоспарланып отыр. Кештің аясында ақынның қатысуымен айтыстан шеберлік сыныбы да ұйымдастырылмақ.
Қолдағы бар алтынымызды қадірлей алмасақ, өзімізге сын, аялай білсек, одан ұтпасақ ұтылмаймыз. Ақынға көрсетілген құрмет, ол – төл өнерімізге, әдебиетіміз бен мәдениетімізге, ұлттық руханиятымызға көрсетілген құрмет. Осыны ұмытпайық, құрметті оқырман!

Ахметжан Өзбеков,
Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.