Биыл 1-4 сыныптағы барлық оқушыға тегін

274
БАСТАУЫШ СЫНЫП БАЛАЛАРЫНА ТЕГІН ТАМАҚ
Бала денсаулығының негізгі көрсеткіші – дұрыс тамақтану. Соның ішінде мектеп оқушыларының сабақ кезінде сапалы, әрі уақытылы тамақтануының маңызы зор.
Бұрындары білім ошақтары бастауыш сынып оқушыларына түгелдей бір мезгіл ыстық тамақ бергені барлығымызға белгілі.
Бірақ бұл жүйе 2015 жылдан бері тоқтатылды.
Міне, осы сәттен бастап әлеуметтік жағдайы нашар кейбір отбасылардың, атап айтқанда мемлекет тарапынан әлеуметтік көмекке зәру және көпбалалы отбасылар, сондай-ақ жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар ғана мектеп асханасынан тегін тамақтануға құқылы болды.
Осы мәселе биылғы оқу жылында өзгеріске еніп, көпті қуанышқа бөледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушы, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушылары үшін тегін тамақтандыруды ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті.
Президенттің бұл бастамасы өз кезегінде балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін және әл-ауқатын жақсартуына оң әсер ететіні сөзсіз.
Бұл жаңалыққа ата-аналар ризашылығын білдіріп, алғысын жаудыруда.
– Балалардың жақсы денсаулығының, жан-жақты дамуының кепілі – тиімді және уақытылы тамақтану екені белгілі. «Оқу жылының жаңа тоқсанынан бастап 1-4 сынып оқушылары мектептен ыстық тамақ ішеді» деген жаңалықты естіп қуанып ­отырмыз. Балалар да қуануда. Кейде балалар «Біз де мектептен тамақ ішейікші» дейтін. Бүгінде солардың тілегі қабыл болды. Балаларға көңіл бөліп жатқан мемлекетімізге ризамыз, – деп айтуда ата-аналар.
Осыған орай мен бүгін бастауыш мектебінде болып, 1 және 4 сынып оқушыларының ыстық тамағының ұйымдастырылуын қарап шықтым.
Демек, болашағымыз жарқын болсын десек, өсіп келе жатқан әрбір бүлдіршін мемлекет назарынан тыс қалмауы керек.

Мақсат Арапұлы Қазанғапов,  Талас ауданы білім бөлімінің басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.