Бірліктегі іс-шаралар легі

636

Жуырда Шу ауданындағы Бірлік ауылдық округінде «Діни экстремизм мен діни ағымдардың қоғамға келтіретін зардабы» атты іс-шара болып өтті. Ауылдық округтің жастар ісі жөніндегі инспекторының ұйымдастыруымен өткен шараның басты міндеті – діни көзқарастар, олармен жұмыс жүргізу, діни көзқарастағы шиеленістер мен діни ағымдар, діни экстремизм мен терроризмге қарсы жұмыстарды жүйелі жүргізу болып табылады.

Аталмыш шараға Жамбыл облысы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығының Шу ауданы бойынша инспекторы Бақыт Нұрлыханов, Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» дін мәселелері жөніндегі инспекторы, теолог Мырзабек Смайлов, Бірлік ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Байжан Шымболатов, ауыл имамы Медет Жұматаев және ақсақалдар алқасының мүшелері қатысты. Шынын айту керек, қазір мемлекет тарапынан діни экстремизм мен терроризмге қарсы батыл іс-шаралар қолға алынуда. Теріс пиғылды діни ағымдардың қоғамға зияны туралы үгіт-насихат та жиілей түсті. Байқасақ, жат ағымның жетегінде кеткендердің басым көпшілігі жастар екенін аңғару қиын емес. Жұртқа терiс пиғылды дiни ағымдар туралы айтқанда, көбiне оның зияны, зардабы айтылады да, адамдардың, әсiресе, жастардың осы ағымдардың жетегiн­де кету себептерi көмескi қалады. Сондықтан, аталған кездесу барысында бүгінгі жастардың діни сауаты мен олардың теріс ағымдарға бет бұруы жөніндегі мәселелері қаралып, жан-жақты талқыланды.

Сонымен қатар, дәл осы күні Бірлік ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторының ұйымдастыруымен кіші футболдан турнир болып өтті. «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты тақырыппен өткізілген жарыстың мақсаты – ауыл жастарының бұқаралық спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Жалпы, аудан жастарының арасындағы турнирге бас-аяғы алты команда қатысып, өзара бақ сынасты. Нәтижесінде, бірінші орынды «97 жылғы жастар» командасы иеленсе, «Мамыт» командасы екінші орыннан көрінді. Ал, «Студенттер» командасы үшінші орынға қол жеткізді. Сонымен бірге, турнир барысында көзге түскен Ермахан Нұржанұлы«Үздік қақпашы» номинациясы бойынша марапатталса, Санат Талғатұлы «Үздік ойыншы» атанды. Оған қоса, жарыста ең көп гол соққан Самат Сүндетбаев «Үздік шабуылдаушы» номинациясын қанжығасына байлады. Жарыс соңында жүлделі орындарға ие болған командаларға ауыл әкімі Ербол Қосахов бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдарды табыс етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.