БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

66
 Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудандық білім бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашев білім саласының ардагерлерін құттықтап, оларға ерекше құрмет көрсетті. Бұл күні аудандық білім бөлімінің басшысы ұстаздар қауымының қадірлі өкілдеріне арнап, бірқатар ардагер ұстаздарды өз шаңырақтарына барып құттықтады.
Мәлік Мұратәліұлы құттықтау барысында Эра Камшыбаева, Меруерт Бателова, Айнаш Боташева, Гаухар Сейдалықызы, Елена Бойко, Орынкүл Көдекова, Шахаркүл Оспанова сынды ардагер ұстаздарға зор алғыс білдіріп, сый-құрметін көрсетті. Өз сөзінде білім бөлімінің басшысы: «Сіздерді саналы ғұмырларын ұрпақ тәрбиесіне арнап, талай шәкірттің білім алып, үлкен өмірге қанат қағуына жол ашқан ұлағатты ұстаздар деп білеміз. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен мол тәжірибелеріңіз кейінгі буынға әрқашан үлгі.
Білім саласының дамуына қосқан зор үлестеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін. Көктем мерекесі жүректеріңізге қуаныш, көңілдеріңізге шаттық сыйласын!» деді.
Ардагер ұстаздар да өз кезегінде жылы лебіздерін білдіріп, білім бөлімінің басшысына және ұжымдарға алғыстарын айтып, ақ баталарын берді.
Бұл ерекше сәттер білім саласында еңбек еткен қарт ұстаздардың есімдерін ұлықтап, олардың қоғамдағы орны мен маңызын тағы да бір мәрте көрсеткен тамаша оқиға болды.
Назгүл ӘЛИЕВА,
«Мойынқұм таңы».

Leave A Reply

Your email address will not be published.