БАЙЗАҚ АУДАНЫНДА РЕЖІМДІ БҰЗҒАНДАР ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛУДА

329

Бүгінде аудан аумағында карантин режіміне қарамастан ереже талаптарын бұзған азаматтар да кездесуде. Сондай 96 аудан тұрғынына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған. Бұл туралы блок бекеттердің жұмысын қадағалауға шыққан аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асылхан Заурбеков айтты.

Елімізде енгізілген карантинге байланысты жұқпалы дерттің алдын алу бағытында аудан аумағында үш блок бекеті орнатылған. Аталмыш бекеттерде аудандық полиция бөлімінің 12 қызметкері, жергілікті атқарушы органның 6 қызметкері және 3 волонтер жұмылдырылған. Ол блок бекеттерде аудан орталығына автокөліктердің кіріп – шығуы мен тұрғындардың жүріп – тұруы қадағалануда.

«Аудан тұрғындарының кіріп – шығуы «Сергек блокпост» және «Сергек – Патруль» мобильді қосымшалары арқылы планшеттерде тексерілуде. Арнайы рұқсатнамасы жоқ көліктер кері қайтарылуда.

Алайда, осындай атқарылып жатқан ауқымды іс – шаралар мен түсіндіру жұмыстарына қарамастан ауданның кейбір тұрғындары карантин талаптарын сақтамай, ережені бұзуда. Төтенше жағдай кезінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 379 және 380 – бабымен екі қылмыстық іс, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 476-бабы, яғни, «Төтенше жағдай режімін бұзу» бойынша 96 азаматқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Жалпы, 993 730 теңге көлемінде азаматтарға айыппұлдар салынып, 1 азамат төрт тәулікке әкімшілікке қамаққа алынды», — дейді бізге берген сұхбатында полиция полковнигі Асылхан Заурбекұлы.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 476-бабында ескерту жасауға немесе он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғатыны көрсетілген.

Мұхтар Манекеев

Leave A Reply

Your email address will not be published.