Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы ауылында орналасқан аудандық «Толымбай тегі Зиябек» мешітінің бас имамы Есет Тұрдыбайұлы аудандық архив ұжымы қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Есет Тұрдыбайұлы «Жат ағымдардан сақтану» тақырыбы аясында дәстүрлі ислам құндылықтары, теріс діни ағымдардың негізгі белгілері және олардың ықпалына еріп кетудің алдын алу жолдары туралы кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Шара кезінде қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау, жастардың дұрыс діни білім алуы және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығы да атап өтілді.
Осы сарындағы кездесу Қарасаз ауылы әкімшілік ғимаратында ауыл ақсақалдары, ардагерлер мен ауыл тұрғындарының қатысуымен ұйымдастырылды.
Шара барысында Есет Тұрдыбайұлы мен ауыл әкімі Жанар Нұрмұратқызы ауыл тұрғындарымен жергілікті халық арасында дәстүрлі құндылықтарды, отбасы тәрбиесін насихаттау және діни сауаттылықты арттыру мақсатында дін мен дәстүр сабақтастығы туралы кеңінен әңгіме өрбітті.
Кездесу барысында ислам дінінің ұлттық құндылықтармен және әдет-ғұрыптармен үйлесімділігі, жасөспірімдерді Отанды сүюге, үлкенді құрметтеуге, ата-ананы қадірлеуге баулу, қоғамдағы мейірімділік, адалдық пен ізгілік қасиеттерін дәріптеу мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар, тұрғындардың көкейінде жүрген діни және рухани сауалдарына нақты жауаптар беріліп, еркін пікір алмасу алаңы қалыптасты.
Сонымен қатар Есет Тұрдыбайұлы ауыл әкімімен арнайы кездесу өткізді. Аудан бас имамы мен ауыл әкімі Жанар Нұрмұратқызы ауыл өңірлеріндегі діни ахуалды тұрақтандыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және әлеуметтік мәселелерді шешу мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында халықтың рухани өмірі, мешіттердің жай-күйі және ауыл тұрғындарымен жүргізілетін тәрбиелік-рухани жұмыстар сөз болды. Тараптар қоғам бірлігі мен дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу бағытындағы өзара ынтымақтастықты күшейту қажеттігін атап өтті.