Бәрі де мейірімнен басталады…

142
25 қазан – Республика күні және 2022 жыл – Балалар жылына орай өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау мақсатында ата-ана қамқорлығынсыз қалған Тараз қаласындағы Қ.Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйінде «Егеменді елдің балалары бақытты» атты мерекелік концерт өтті.
Іс-шара шымылдығы «Айжан қыз» би ұжымының «Қазақ» биімен ашылып, әрі қарай Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев егеменді ел қамқорлығындағы жанары жәутеңдеген балғындардың болашағы жарқын, келешектері көркем болсын деген тілегін жеткізіп, бүлдіршіндермен тілдесті.
Мерекелік концертте бүлдіршіндердің көңілін көтеруге аудан өнерпаздар атсалысып, әсем әннен шашу шашып, «Ыбырай Алтынсарин» атты сахналық көрінісін көрсетті.
Арнайы өнер көрсеткен сайқымазақ балаларды ойынға тартып, жүздеріне күлкі сыйлады.
Орталықтың бүлдіршіндері де өнерден құр алақан емес екен. Балалар үйінің тәрбиеленушісі Владимир Ретинский бата беріп, «Сағындым әже» әнін шырқап берді.
Мекеме басшысы ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, бүлдіршіндерге көңіл бөліп, балалықтың жарқын келбетін сыйлағандары үшін ризашылығын білдірді.
Жүздері жайнаған балалардың бір-біріне деген бауырмалдылығы мен жанашырлығы көпшілікті тәнті етері сөзсіз.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.