Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы мен «Jambyl» tv арнасының бірлескен жобасы аясында «BAQYT KILTI» енелер мен келіндер форумы өтті. Шаңырақтың шайқалмауын насихаттап, ене мен келін арасындағы ауызбіршіліктің сақталуын, жарасымды жанұя мен өнегелі отбасыларын көпке үлгі етуді мақсат тұтқан форум 25 қазан—Республика күніне орай ұйымдастырылды. Ұлттық мерекеде ұлттық салт-дәстүріміз бен құндылықтарымыз жаңғырды. Форумға қатысушы енелер мен келіндер кимешек киіп, орамал тақса, шақырылған қонақтар да ұлттық киіммен келді.
Жиынға елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар, ақын жазушылар, мәдениет және руханият саласының үздіктері және профессор, кәсіпкер ханымдар, көпбалалы аналар, медиа саласының үздіктері мен қоғам белсенділері, «Бақыт кілті» бағдарламасының кейіпкерлері,
орталықтың курс және үйірме қатысушылары, т.б. қатысты. Салтанатты шараны ашып, батасын беру үшін құрметті «Ел аналарына» сөз берілді. Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрсифат Салықова мен профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты Күлжәмилә Жолдасова батасын берді.
«Бақыт кілті» жобасына қатысқан кейіпкерлерді жоба авторы, белгілі журналист Қымбат Қаржауқызы жиналған қауымға таныстырып шықты. Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова әр жұпқа «Бақыт кілтін» табыстап, сый-сияпат ұсынды. Бағдарламаның түсірілім тобын Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы мен «Jambyl» телеарнасының директорлары Эльмира Мырза-Ғали мен Гүлбаршын Құланбаева марапаттады. Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Анаға Тағзым Орталығы