Балаларымызды ешкімнен кем қылмай өсіріп отырмыз – 12 баланың анасы

37

Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Балаларымызды ешкімнен кем қылмай өсіріп отырмыз – 12 баланың анасы: 8 наурыз 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Кешелі бері отандық БАҚ он үшінші баласын дүниеге әкелген Теміртаудағы 48 жастағы көпбалалы ана туралы көптеп жазды. Оның алдында Павлодар облысының перинаталдық орталығы он бірінші рет ана атанған 38 жастағы әйелді құттықтап, арнайы сыйлық тарту еткені туралы да желіде көп айтылды. Бізді таңғалдырған тағы бір көпбалалы ана – Айым Сүйеуқұлова. Ақтөбе облысының Шалқар ауданында тұратын Айым 12 баланы дүниеге әкелген.  8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Turkystan.kz сайтының тілшісі Айыммен тілдескен болатын.

«1990 жылы Шалқар ауданында дүниеге келдім. Үйде үш ағайындымыз. Өзімнен кейін екі інім бар. Тоғызыншы сыныпты осы Шалқарда тәмамдадым. 2005 жылы жолдасыммен танысып, бір жылдай көңіл жарастырып, қыз бен жігіт болып жүрдік. Үй арасында бес-алты үй бар, көрші болып шықтық. Ол Ақтау қаласынан Шалқардың әскери комиссариатына келіп жүргенде мені сыртымнан көрген екен. Мені көріп, ұнатып, үйленемін деп, әскерге сылтауратып бармай қалыпты. 2006 жылы мен тоғызыншы сыныпты бітіріп, Алматы қаласына оқуға кетемін деп құжат жинап жүргенмін. Бірақ оған жетпедік. Тамыз айында отау көтердік. Басында ата-анам мені «Әлі жас, оқу оқуы керек» деп қарсы болғанымен, кейін рұқсатын берді. Ол кезде менің жасым 16-да, жолдасымның жасы 21-де болды. Көп балалы ана боламын деп ойлаған емеспін. Бір күні кешкісін екеуміз теледидар қарап отырып, әңгіме арасында жолдасым «Маған 12 бала туып бересің бе?» деп әзілдеген болатын.  Мен де әзілмен «Иә, туып беремін» дегенмін. Періште «Әумин» деген болар, Алланың қалауымен сол 12 бала дүниеге келді. Жолдасым бес ағайынды. Өз жағымда да, жолдасым жағында да көп балалысы – бізбіз», – дейді ол.

12-ші баласы дүниеге келгенде жолдасының достары жиналып, Шалқардан зәулім үй алып берген екен.

«Жолдасым біз танысқалы бері қарапайымдығымен таңғалдырып келеді. Адам баласына арамдығы жоқ. Ақкөңіл, адамды сылай біледі, жақсы көре біледі, өтірік айтпайды, өз ісіне ынта- шынтасымен кіріседі, досқа және отбасына адал. Екі сөйлемейді. Мен сол қасиеттерімен баурады. 2007 жылы тұңғыш қызымыз дүниеге келді. Бала туып, үйдің тірлігін істеп жүріп, төрт жыл аспаз мамандығын оқыдым. Арасында жұмыс та істедім, тапсырысқа да шығамын, тәттілер пісіремін. Көп балалы отбасымыз деп ешкімнен көмек сұраған емеспіз. Жолдасым – механик, көлік жөндейді. Жолдасымның адал еңбегінің арқасында балаларды ешкімнен кем қылмай, қатарынан қалдырмай өмір сүріп жатырмыз. Үй кезегіне тұрғанбыз, бірақ әлі кезегіміз келген жоқ. Қайбір жылы Ақтау қаласында тұратын Серғазы деген досымыз «13 балалы болсаңдар 10 миллионға үй немесе көлік алып беремін» деп уәде берген. Былтыр он екінші баламыз – ұлым Мұхаммед-Әли туғанда он үшті күтпей, қазір тұрып жатқан үйімізді алып берді. Күміс алқам да, алтын алқам да бар. Көп балалы ана ретінде ай сайын 234 мың теңге жәрдемақы аламын. Құдайға шүкір», – дейді кейіпкеріміз.

Айым сөз арасында 12 балаға көңіл бөлуге мүлде қиналмайтынын айтады.

«12 балаға көңіл бөлуге қиналмаймын. Үлгеремін. Екі балам – студент, алты балам мектепке, үш балам балабақшаға барады. Егіз қыздарым бар, жетінші сыныпта оқиды. Таңертең жетіде тұрып, алты баламды мектепке жіберемін. Үлкендері өздері киінеді. Екі-үш оқитын ұлдарымды өзім киіндіремін. Кейде жұмыртқа қуырып, кейде ботқа әзірлеп беремін. Жеті жарымда алтауын мектепке жіберіп, одан кейін үш баламды оятып, жуындырып, киіндіріп, әкелеріне ертіп, балабақшаға жіберемін. Әкелері оларды балабақшаға тастап, өзі жұмысына кетеді. Үйде тоғыз айлық кенже ұлыммен қаламын. Кір жуып, түскі ас әзірлеп, үй жинап, тірлігімді істеймін. Сөйтіп жатқанда жолдасым мен мектептегі балаларым түскі асқа келеді. Үлкен қыздарым бала қарауға, үй жинауға көмектеседі. Кешке балабақшадан балалар келгенге дейін реттеліп алып, балалар келген соң кешкі асқа отырамыз. Балаларым өзім сияқты жан-жақты, пысық, епті, ширақ», – дейді ол.

Айым мен Рашидтің балаларының түгелі спортқа жақын. Түрлі олимпиадаға қатысып, оқуда алғырлық, мектепте белсенділік танытып жүргенін анасы ерекше мақтанышпен айтады.

«Тұңғыш қызым қазір 19-да. Колледждің төртінші курсында бастауыш сынып мұғалімі мамандығында оқып жатыр. Бұйырса, биыл оқуын аяқтайды. Екінші ұлым – бірінші курс студенті, машинист көмекшісі мамандығын оқып жатыр. Ұл-қыздарым күреске, грек-рим күресіне, дзюдоға қатысады. Жарыстарға қатысып, жүлделі орындар да алып жүр. Қыздарым – оқу озаты, олимпиадалардан орын алып келіп жүр. Шүкір, ештеңеден қиналмаймын. Балаларым пысық, ештеңеден қалмайды. Әкесінің адал еңбегінің арқасында балаларым қатарынан қалмай келеді. Ара-тұра бізді әлеуметтік желіде «Бұлардың болашағы жоқ, 12 балаға қалай білім береді, қалай асырайды» деп сынап жататындар да бар. Бірақ біздің отбасымыз ештеңеге мұқтаж емес. Балаларымызды тап-тұйнақтай етіп, таза киіндіріп сабағына, балабақшасына жібереміз. Баратын жерге барамыз. Еш баланы кем қылмаймыз. Ешқашан «Көпбалалы анамын, бара алмаймын, бере алмаймын» деп айтқан емеспін. Әуелі Алла, содан кейін жұбайымның арқасында жағдайымыз жақсы. Әкесі, анасы, баласы қатысатын жарыстарға да жолдасым екеуміз барып қатысамыз. Ал басқа жиналыстарға өзім барамын. Балалардың сабағын да өзім оқытамын. Жолдасым көбіне жұмыста, таңертең кетіп, кешке келеді. Біздің асыраушымыз, ақша тауып отырған адам. Сондықтан көп баланы бағып отырсақ та, ешкімнен кем қылмай тәрбиелеп отырмыз», – дейді ол.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/277428-12-balaga-konil-boluge-qinalmaimyn-kop-balaly-ana

Leave A Reply

Your email address will not be published.