1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Мойынқұм ауылында ерекше қуанышпен аталып өтті.![]()

Ауылымыздың ардақты азаматы, аудандық мәслихат депутаты әрі жеке кәсіпкер Бекболат Өткелбаев жеті жылдан бері дәстүрге айналған игі ісін жалғастырып, биыл 3000-нан астам түрлі балмұздақты балаларға тегін үлестіріп, бүлдіршіндерге қуаныш пен шаттық сыйлады.![]()

Балғын балалық шақтың тәтті сәттерін есте қалдыру мақсатында ұйымдастырылған шара ауыл балаларына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мейірімділік пен жан жылуын дарытты.
Кішкентай жүректерге қуаныш сыйлау үшін ол тек тәттімен шектелмей, өз қолымен соққан балаларға арналған ойын-сауық алаңдарын – батут, су бассейні, сырғанақ секілді алаңдарды ақысыз іске қосып, бүлдіршіндерге ұмытылмас мерекелік көңіл-күй сыйлады. Балалар мәз-мейрам болып, шат-шадыман күйге бөленді.
– Бұл – менің балаларға деген шынайы сыйым. Балаларға қуаныш сыйлау – мен үшін үлкен бақыт. Бүгінгі балмұздақ ертең туған жерге деген сағыныш пен сүйіспеншілікке айналса екен деймін. Болашақта олар осы балалық шақтағы шуақты сәттерін ұмытпай, еліне, жеріне қызмет ететін азамат болып өссе – мақсатымның орындалғаны,- дейді Бекболат Өткелбаев.
Ауыл балалары бұл игілікті іске ерекше қуанып, кәсіпкердің дүкенін өзара «балмұздақ беретін дүкен» деп атап кеткен. Кәсіпкер 2019 жылы – 1000, 2024 жылы 2500-ден астам түрлі балмұздақ пен сусын үлестірген болатын.
Бекболат ағаның балаларға деген базарлығы – мейірім мен жан жылуының нағыз көрінісі.
Игілікті іске ұйытқы бола білген жеке кәсіпкерге қарасы қалың жиналған жұрт ерекше көңілмен өз ризашылықтарын білдірді.
«Үлкеннің онына бергенше, кішінің біреуіне бер!»-дегенді біліп, бала көңілін қалдырмауға тырысайық. Мұндай өнегелі жомарттық іс ауданымыздағы әр кәсіпкерге үлгі болса, игі.
Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,
Мойынқұм ауданы