Азия чемпионын қабылдады

326

Әулиеаталық боз кілем шебері – Сұлтан Әсетұлы Алматы қаласында күрес түрлерінен өткен дүбірлі додада топ жарып, грек-рим күресінен Азия чемпионы атанған болатын. Осыған орай еліміздің көк байрағын желбіретіп, аймақ абыройын асқақтатқан балуанды облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек қабылдады.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Сұлтандай ел намысын қорғап, көк туымызды желбіретіп жүрген азаматтарымыз әрбір өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатынын айтып өтті. Сондай-ақ, байрақты бәсекелерде бабы мен бағы қатар келуіне тілектес екенін жеткізіп, олимпиада шыңын бағындыруын тіледі.

Еске сала кетейік, еліміздің оңтүстік астанасындағы «Балуан Шолақ» спорт сарайында өткен аламанда грек-рим күресінен 63 келіге дейінгі салмақта жерлесіміз жеңімпаз атанған еді. Бірінші белдесуінде тайпейлік балуанды айқын жеңіп, жартылай финалда сириялық спортшыны шаң қаптырды. Ал, ақтық сында Иранның аты шыққан балуанын тізе бүктіріп, Азия чемпионы атанды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.