Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» мен қалалық «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлесіп «Арулар – Асыл жандар» атты мерекелік концерт ұйымдастырды. Іс-шара мүмкіндігі шектеулі балалары бар және оларды тәрбиелеп отырған аналарға, аз қамтылған отбасыларға, қиын өмірлік жағдайда қалған, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына арналды.
Кездесудің арнайы қонағы – тіл жанашыры, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы жиналған қонақтарға отбасының маңызы, ер мен әйел, ене мен келін, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, жалпы отбасылық мәселелер туралы өз ойын ортаға салды.
– Абай атамыз жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады деген. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары. Ал екіншісі – білсем екен деп туады. Олар көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары. Біздің көрсем, білсем дейтін балаларымыз көп болуы үшін оның жанын сақтау керек. Жанның 12 арнасы бар. Балаңыз бекзат болуы үшін махаббат пен мейірім керек. Сондықтан балаңызды бір күнде кем дегенде 8-12 рет құшақтап, жақсы көретініңізді айтып сүйіп, ашық сөйлесу керек, – дейді Оразкүл Асанғазықызы.
«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» көпбалалы, толық емес, жағдайы төмен отбасыларға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты кеңес береді. Қиын жағдайға тап болған әрбір отбасына психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек беріп, отбасы институтының дамуына жан-жақты қолдау көрсетеді. Орталыққа келетін отбасыларға кешенді қолдау көрсету, мәселелерін толық шешуге көмек беру, халықтың әлеуметтік осал топтарын анықтау да басты бағыттарының бірі. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып азаматтардың өтініштерінің қысқа, орта және ұзақмерзімді кезеңде орындалуын қадағалайды. Орталық сондай-ақ отбасы институтын нығайтуға бағытталған іс-шараларды жиі ұйымдастырып отырады.
Мерекелік іс-шара кезінде Қанат Үмбетов, Жаңабай Өтегенов сынды эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты. Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Мақпал Құдайберген «Анаға арнау» өлеңін оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды.
– «Арулар – Асыл жандар» атты мерекелік концерттің мақсаты – әйелдерге деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін арттыру, нәзік жандылардың эстетикалық талғамын дамыту, қыз-келіншектерге мерекелік көңіл күй сыйлау, – деді Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы директорының орынбасары Құралай Жанұзақова.
8-наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай көпбалалы әрі жалғызбасты аналардың құрметіне ұйымдастырылған кездесуге келген нәзік жандылар өмірлік қиындықтарын бір сәтке ұмытып, қолда бар бақыттарына шүкіршілік айтып, отбасын сақтаудың балалар, мемлекет, ұлт үшін қандай маңызды екенін терең сезініп қайтқандай. Жиналған әйелдер қауымы мұндай кездесулер оларға ерекше күш-қуат беріп, көтеріңкі көңіл күй сыйлайтынын айтты.
https://turkystan.kz/article/240666-sh-ysh-bibihan