Ауылдағы жастарға қолдау көп

565

Ауыл – халықтың тұрмыс салты, мәдениетіміз бен дәстүріміздің, әдет ғұрпымыз бен рухани тіршілігіміздің қайнар көзі. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылынан талай ұлы ғалымдар мен көптеген қоғам қайраткерлерінің түлеп ұшқаны белгілі. Мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуы да ауылдың тұрмыс деңгейімен өлшенеді.  Дегенмен, қазіргі таңда сол ауылды жерлердегі жастар мәселесі еліміздің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Осы орайда, ауыл жастарының ахуалын білмекке тасын түртсең тарихы көрінетін Шу өңірі жастарының жайын сөз өткенді құп көрдік.

Жалпы, ауданда тұрып жатқан тұрғындар саны 100 мыңның төңірегінде болса, оның 23 мыңнан астамы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар екен.Бұл шулық тұрғындардың 23,2 пайызын жастар құрайды деген сөз. Соның ішінде ауылдағы жастардың саны Шу қаласына қарағанда едәуір басымырақ екенін айта кеткен жөн. Қазіргі кезде жастардың деніберекелі момақан даладан ию-қиюы мол, даңғаза қалаға кетуге құмартып тұратыны жасырын емес. Ал, керісінше ауылды жерді өгейсінбей, туған жердің түтінін түзу түтетуді жөн көрген ауыл жастарымен жұмысты жүйелі түрде үйлестіру аудандық Жастар ресурстық орталығына жүктелген. Жастарға жан-жақты жағдай жасалып отырған тұста, елді мекендерге именбей барып, еселі еңбек етуді көздеген жастарға қолдау білдіруде орталықтың қолдауы расымен де зор. Қазіргі таңда орталықтың өзінде 40-тан аса жас өрен қызмет етеді екен. Оған қоса, әр ауылдық округтерде жастар ісі жөніндегі кеңесші мамандар да жұмыс істеуде. Олар жастардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуын қамтамасыз ету, жұмыссыздықпен күрес, түрлі қылмыстардың алдын алу, бұқаралық спорт түрлерімен айналысу мақсатында денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет мекемелерімен, ішкі істер органдарымен, ауыл әкімдерімен бірлесе жұмыс атқарып келеді.

Аз ғана жылда аяққа тұрып, дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетіміз ауыл тұрмысын тіктеуге білек сыбана кірісті. Өз кезегінде қатарынан үш жылдың Ауыл жылдары болып жариялануы да далалы жердің тынысын кеңейтете түскені анық. Сондай-ақ, осыдан сегіз жыл бұрын қабылданған «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» бағдарламалары мен «Жастар практикасы» сынды жастарға бағытталған зор мүмкіндіктер ауылды жерлерді қажетті мамандармен қамтамасыз етуде және жұмыссыздардың санын азайтуда үлкен маңызға ие болғанын сіз бен біз жақсы білеміз.

Шу ауданының экономикалық дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосып келе жатқан ірі кәсіпорындардың бірі – темір жол саласы екені айтпаса да белгілі. Осыған орай тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан жастарының басым бөлігі темір жолды күнкөріс көзіне айналдырған. Бүгінгі күні болат жолдың бойында 700-ге жуық жас тұрақты жұмыс істеп келеді. Ол үшін мүмкіндік те жеткілікті. Бұлай дейтініміз – ауданда осы сала бойынша арнаулы орта білім беретін оқу ошақтары бар. Темір жол саласын былай қойғанның өзінде ауыл шаруашылығы түрлі маман­дықтарға, жұмысшы кадрларына зәру.Мысалы, ауыл­да электрші, токарь, ағаш ұстасы сынды мамандарды табу оңай емес. Мектеп бітіргендер бірден жоғары оқу орындарына, колледждерге ұмтылады.Олар үшін мұндай мамандық бойынша білім алу қорлықпен тең.Екіншіден, токарь болу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні тағы бар. Оған зергерге біткен қабілет керек. Жастардың барлығы қалаға тығылса, ауыл шаруашылығындағы осындай келелі істерді кім атқар­мақ? Міне, осындай күрмеулі мәселелерді ескерген аудандағы орта білім ошақтары аталған мамандықтар бойынша мамандар дайындап келеді. Мәселен, 2016-2017 оқу жылында аудандағы арнаулы орта оқу орындарында 1071 студент білім алса, оның 281-і грант, ал қалған 790 студент ақылы негізде білім алған. Осылайша, аудан басшылығы ойлы, сауатты жас­тар үшінбарлық жағдайды жасап, ізденген, тал­пынған жастың бастамасына, жұмысқа орналасуына ұдайы қолдау білдіріп келеді.

dalanews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.