«Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында елді мекендерде 56 әлеуметтік нысан бой көтереді

74

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылу барысы қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баяндама жасады. Оның айтуынша, өңіріміздегі жалпы 371 елді мекенде 1 миллион 222 мың 600 адам тұрады. Елді мекендердің төртеуі қала болса, қалғаны ауылдық елді мекен. 367 ауылдық жерде облыс халқының 691 мың 200-і қоныстанған.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы қолға алынғалы бері өткен жылға дейін облыста 137 ауылда (59 тіректі, 77 спутникті, 1 стратегиялық) 32,8 миллиард теңгеге 474 жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде 4 мектепке және 1 емханаға жапсарлас ғимарат, 28 спорттық-сауықтыру кешені, 15 денсаулық сақтау, 15 мәдениет үйінің, құрылысы жүргізіліп, 2 әлеуметтік нысанның ғимараты қайта жаңғыртудан өткен. Олардың ішінде құрылысы жылдан-жылға өтпелі нысандар да бар. Сонымен бірге 2 газға қосу, 4 су құбырын жаңғырту, 15 білім нысанының қазандығын газға қосу жобалары іске асырылған.

Бұдан бөлек, 35 білім беру, 15 денсаулық сақтау, 23 мәдениет және 7 спорт нысандары күрделі жөндеуден өткен. Сондай-ақ, 283 жоба аясында 510,1 шақырым жол қалпына келтірілсе, 23 көше жарықтандырылған, 2 көшенің су құбыры желілері орташа жөндеуден өткізілген. Мұнымен қоса 3,5 мыңға жуық жұмыс орындары құрылған.

Биыл жоба аясында 98 елді мекенде (39 тірек, 59 спутникті) 301 жобаны іске асыруға 15,7 миллиард теңге бөлінді. Көрсетілген қаржының 6,7 миллиард теңгесі ұлттық қордан, 7,6 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен, қалғаны аудан есебінен қарастырылған. Бөлінген қаржы есебінен 56 нысан құрылысы, 8 күрделі жөндеу, 237 орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ, 920 жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Басқарма басшысы осы жылдың бірінші қазанына қаржыландыру жоспарына сәйкес 9,7 миллиард теңге қарастырылып, есепті кезеңге жоспар 99,7 пайызға, жылдық жоспар 61 пайызға игерілгенін атап өтті.

Өңірімізде тоғыз айдың қорытындысы бойынша 159 жоба бойынша қолға алынған іс аяқталған. Атап айтсақ, Жамбыл, Қордай аудандарында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Байзақ ауданында 2 денсаулық сақтау нысанының, Меркі, Қордай аудандарында 3 мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне ұсынылған.

Сонымен қатар Меркі ауданында дәрігерлік амбулатория, Сарысу ауданында мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, 194 шақырым ауылішілік жолдарды орташа жөндеу бойынша 149 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 95 тұрақты және 575 уақытша жұмыс орны ашылған.

Баяндамашының сөзінен кейін аудан әкімдері мен бірқатар басқарма басшыларының есептері тыңдалды. Облыс әкімі бірқатар аудандар мен басқармалар тарапынан жағдайды бақылау назардан тыс қалғанын айта келе, құрылыс мерзімін уақытында орындамаған жауаптылардың ісін сынға алды.

– Барлық аудандар бөлінген қаражатты игеруде жақсы нәтиже көрсетуі керек. Тиімді жоспар жасалып, нысан дұрыс бақылауда болғанда ғана оның құрылыс жұмысында еш кемшілік болмайды және мерзімінен де кешікпейді. Сондай-ақ, мердігерлерге қойылатын біліктілік талаптарын күшейту мәселесін де пысықтау қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.

Жиын соңында аймақ басшысы басқарма басшыларына қолға алынған әрбір құрылыс нысандарын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.