”Әулиеата жастары” бағдарламасы аясында 26 жас баспаналы болды

162
Үстіміздегі жылы өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету әрі жас отбасыларды қолдау мақсатында «Әулиеата жастары» бағдарламасы қолға алынды. Оған жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп, жастарға жеңілдетілген несие беру жұмыстары жүзеге асқан. Бағдарлама аясында e-jambyl.kz платформасы арқылы бас-аяғы 619 өтінім қабылданып, 67 қатысушыға «Отбасы Банкке» жолдама берілген. Ал 12-14 желтоқсан аралығында қосымша 131 өтінім қабылданған.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Өңірде мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы» тақырыбында өткен баспасөз-брифингінде
облыс әкімдігіне қарасты жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар 26 қатысушы бағдарлама аясында баспаналы болғанын жеткізді. Оның сөзінше, өзге 7 қатысушы өздеріне қолайлы тұрғын үй іздестіріп жатыр.
— Бүгінгі таңда бағдарламаға қатысушы 33 азаматтың өтінімі мақұлданды. Оның ішінде, 26 қатысушы баспаналы болса, 7 азамат өздеріне қолайлы тұрғын үй іздестіру үстінде. Атап өтетін бір жайт, аймақ басшысының тікелей қолдауымен келесі жылы бағдарлама аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді. Бұдан бөлек, «Отбасы банк» тарапынан да қаржыландыру көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде.
Жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы — 13 миллион теңгеге дейін. Несие беру уақыты — 19 жыл. Пайыздық мөлшерлеме мен бастапқы жарна – 5 пайызды құрайды. Бұл бағдарламаға Қазақстан Республикасының азаматы, облыста қоныстанған жас отбасылар мен жұмыс істейтін жастар қатыса алады. Ал ерлі-зайыптылардың тек біреуі ғана негізгі қатысушы ретінде бағын сынай алады, — деді Жомарт Дүйсенұлы.
Айта кетейік, жоба аясында дәрігерлер мен медбикелер, жас мұғалімдер, мәдениет саласының қызметкерлері, спортшылар, жаттықтырушылар және журналистер, университет оқытушылары мен ғылыми қызметкерлердің жеңілдетілген шарттармен ипотека алуға мүмкіндігі бар.
Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.