Соңғы уақытта бөдене өсіріп, оны табыс көзіне айналдырып отырғандар көп. Бұл кәсіп нарыққа байланысты сұранысқа да ие. Ауласында құс шаруашылығын дамытып отырғандардың бірі – Ерназар ауылының тұрғыны Қанжар Бердеш.
Ауданда алғаш болып бөдене өсіруге бет бұрған жас кәсіпкер болашақта осы бағытта мемлекеттік грантқа қатысып,
бастаған ісін кеңейтпек ниетте.
Қанжар Бердештің бұл іске қызығушылығы әлеуметтік желіге жарияланған жаңалықтан басталған.
Ол үйінің маңындағы қораны арнайы құс шаруашылығына дайындайды.
– Бұл шаруашылықты бастағанымда, әрине, бойымда қорқыныш болды. Екінің бірінің ауласында жоқ кәсіп десем де болады. Бұл құс – өте нәзік. Тазалығын үнемі бақылап отыру қажет. Күніне екі мезгіл жемін беремін, суы үнемі қасында болуы шарт. Әр жұмыстың өз қиыншылығы болады ғой. Соған қарамастан
осы істі қолға алған соң, бір жетістікке жеткім келеді. Жұмысты бастағаныма небәрі екі ай болды, – дейді ол.
Жұдырықтай құстың бабын тапқан ерназарлық Қанжардың сарайында 4000 бас бөдене бар. Енді алдағы уақытта қайтарымсыз грантқа жас кәсіпкер ретінде қатысып, бағын сынап көрмек жоспарда. Қаржылай қолдау болса, бөдене басын 40-50 мыңға жеткіземін деп отыр. Өйткені, оның бұл істен нәтиже бар екеніне көзі жеткен. Бүгінгі күннің өзінде қанаттыдан күніне 1000-нан аса жұмыртқа алып, әр данасын 40-45 теңгеден сатуда.
– Бөдене жұмыртқасы мың ауруға шипа. Бірі білсе, бірі білмес, Жапонияда әр бала күніне таңертең екі бөдене жұмыртқасын жейді. Өйткені, ғалымдар оның сан алуан пайдасын зерттеп берген. Адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурулардан
қорғайды. Дәмі тіл үйіреді, сескенудің еш қажеті
жоқ. Тойымды десек те болады. Үйдегі тауық жұмыртқасына қарағанда бір грамм бөдене жұмыртқасы құрамында А және Д дәрумендері екі есе көп. Жұмыртқа бөлме температурасында бір ай, ал, тоңазытқышта 60 тәулікке дейін өз қасиетін жоймайды. Нақтырақ айтсам, бөдене
жұмыртқасы бас, асқазан ауруына, туберкулезге бірден-бір ем болып келеді. Жұмыртқасынан бөлек етіне де сұраныс бар. Кәсіпкердің айтуынша, аталған құс күтімді
қажет етеді. Бірақ кәсібіне қарай несібесі мол
екен. Қазіргі уақытта күні-түні ауласында бөдене бизнесін алға ілгерілетіп жүрген Қанжардың жасы небәрі 23-те.
Жамбыл ауданы әкімдігі