АУДАНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

138
Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Тоғызтарау ауылында бүгінге дейін мешіт болмаған. Ауыл жамағаты жұма күндері көршілес ауылға барып, намаз оқитын. Көкейінде ауылда бір мешіт салынса деген ақ тілегі болған тоғызтараулықтардың ізгі ниеті осы жылы орындалды.
Ағымдағы жылдың 7 наурызында ауылға кіреберіс жерде мешіттің орны белгіленіп, қазығы қағылған болатын. Содан бері, яғни 7 айда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, таяуда аяқталған еді. Менмұндалап тұрған сәулетті мешіт жанынан сауат ашу орталығы және ауыл имамы тұратын тұрғын үй салынған. Өткен сенбіде Алланың үйі ел игілігіне берілді.
Жаңа нысанның ашылуына аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдәзімов, облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Қуанышбеков арнайы келіп, тоғызтараулықтардың қуанышына ортақтасты.
Жиналған көпшілікке жылы лебіздерін жеткізіп, аудандағы 32-нші мешіттің бой көтеруіне қаржылай қолдау көрсетіп, бас демеуші болған «Дүниежүзі мұсылман жастар ассамблеясы» қорының президенті Мұхаммад Мади мен аталмыш қордың облыстағы өкілі Жалил Шалбаевқа, сондай-ақ, жергілікті жомарт жандарға алғысын айтып, ризашылықтарын білдірді.
Мешіттің кермесін қиып, ішке кіріп, жамағатпен бірге екі рәкәғат намаз оқыды. Тоғызтарау ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кендебай Оңғарбаев облыстан және ауданнан келген қонақтарға ауылдастарының атынан сый-сияпаттар тарту етті.
Салтанатты рәсімнен кейін көпшілік мешіттің ауласында жайылған дастархан басына жайғасып, оқылған құранға қол жайды. Қариялар жағы елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілеп, бата қайырды.
Ильяс Қалыбеков, Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.