АУДАНДА АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ КҮНІ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

139
Ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы мәні мен маңызы өте жоғары.
Мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың нәтижесінде біздің ауданда ауылшаруашылығын дамыту жүйелі түрде іске асырылып, бұл сала қарқынды дамуда. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 22 млрд. 363,9 млн. теңгені құрады. Биылғы жылы егістік алқаптың көлемі 24 508 гектарды құрап, өткен жылға қарағанда 279,5 гектарға артық игерілді.
Бүгін ауданда ауылшаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні кәсіби мерекесі кең көлемде аталып өтті.
Жаңатас қаласының орталық алаңында өткен «Ел дәулетін асырған еңбеккерлер» атты мерекелік шарада ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, ауылшаруашылығы техникаларының көрмесі, ұлттық спорт түрлерінен (қол күрес, асық ату, арқан тарту, қошқар көтеру, кір тасын көтеру) жарыстар ұйымдастырылды.
Мерекелік шара ауданның ауылшаруашылығы саласындағы тірліктер мен сала еңбеккерлері туралы видеороликтер көрсетуден басталды. Аудан әкімі Сәкен Мамытов, Жамбыл облысы әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Мұқашев, аудан ардагерлері мен ауыл еңбеккерлері ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін, ауылшаруашылығы техникаларының көрмесін, спорттық ойындарды тамашалап, салтанатты шараға қатысты.
Салтанатты шарада Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің аудан еңбеккерлерін бейне құттықтауы көрсетілді.
Бұдан кейін аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйледі.
— Ауданда ауылшаруашылығы саласы бойынша көңілге қонымды көрсеткіш баршылық. Биылғы жылы қамбаға ойдағыдай өнім жиналып, мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде мал шаруашылығы да дамуда. Төрт түлік малдың басы артты. Өндірілген ет пен сүт өнімдерінің көлемі ұлғайды. Осыдан төрт жыл бұрын халықтың тұрмысын арттыру мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасының нәтижесін ауыл тұрғындары көруде. Бұл жоба аясында
тұрғындарға есік алдындағы, ауыл сыртындағы егістік жерлерін игеріп, мал және өзге де қосалқы шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндіктер туды.
Біздің ауданда Байқадам, Жайылма, Жаңааарық, Игілік, Жаңаталап, Түркістан ауылдық округтері жобаға енгізілді. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасын тауып, жобаның ел игілігіне айналары сөзсіз.
Жыл өткен сайын ауылшаруашылығы техникалары да жаңаланып келеді. Биылғы жылы жалпы соммасы 340,0 млн. теңгеге 47 дана ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Осындай
жүйелі жұмыстардың және тынымсыз еңбектің нәтижесінде ауданымыздың ауылшаруашылығы саласының әлеуеті зор болатындығына сенім мол.
Сіздердің ауылшаруашылығы саласын дамытудағы еңбектеріңіз өлшеусіз және қашанда құрметке лайық. Ауданымыздың
дамуы жолындағы еңбектеріңіз абыройлы болсын, – деген аудан басшысы, ауданның ауылшаруашылығы саласының қызметкерлерін, сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Бұдан кейін, Жамбыл облысы әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Мұқашев, Сарысу аудандық мәслихатының төрағасы Шаттық Мұсабеков, «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұратбек Есмұрзаев құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Ауданның ауылшаруашылығы саласына өзіндік үлес қосқан ардагерлер, үздіктер қатарынан көрініп жүрген бір топ шаруашылық жетекшілері, жеке кәсіпкерлер ҚР Ауылшаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік төсбелгілермен, облыс әкімінің, аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен және заттай бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты шарадан кейін жиналғандар мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады.

 

Сарысу ауданы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.