АУДАН ӘКІМІ АУДАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫН ҚАБЫЛДАДЫ

125
Биыл Жаңатас қаласының құрылғанына 55 жыл толды.
Сарысу өңірінің, оның ішінде Жаңатас қаласының өркендеуіне, дамуына елеулі үлес қосқан, еселі еңбегінің арқасында абырой биігіне көтерілген алдыңғы аға буын өкілдерінің бірі – Бектөреева Тыныштық Бегматқызы.
Мерейтой қарсаңында, өткен сәрсенбі күні аудан әкімі Сәкен Мамытов Сарысу ауданының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет, партия және еңбек ардагері Тыныштық Бектөрееваны қабылдады.
«Біз Сіздің еліңіз үшін, туған жеріңіз үшін атқарған еңбегіңізді жоғары бағалаймыз әрі құрметтейміз. Барлық саналы ғұмырыңызды Сарысу ауданының, Жаңатас қаласының дамуына, өсіп-өркендеуіне арнаған Сіз қандай құрметке болса лайықсыз. Сіздің өмір жолыңыз, мәртебеңіз, аласармас абыройыңыз өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге болып қала бермек. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, ұзақ ғұмыр тілеймін, — деген аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы жақында ғана жарық көрген, Тыныштық Бегматқызының өмір жолы енгізілген «Қазақстанның Алтын кітабы» мен арнайы төсбелгені табыс етіп, құрмет көрсетті.
Арнайы қабылдауға қатысқан Сарысу аудандық мәслихатының төрағасы Шаттық Мұсабеков сөйлеп, сый-сыяпат табыс етсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жақсыбек Дәулетбаев, аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек, Жаңатас қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орымбаев Тыныштық Бегматқызының басшылық қызмет атқарған жылдары Сарысу ауданының, Жаңатас қаласының дамуына сіңірген еңбегіне тоқталып, естеліктермен бөлісті.
Өз кезегінде Тыныштық Бегматқызы арнайы қабылдап, құрмет көрсетіп жатқан аудан басшысына, ел ағаларына жүрекжарды алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Тыныштық Бектөреева 1942 жылы 8 сәуірде Сарысу ауданы, Байқадам ауылында дүниеге келді.
Еңбек жолын орта мектепте мұғалім болып бастап, мектеп директоры, Халық депутаттары Жаңатас қалалық атқару комитетінің хатшысы, Жаңатас қалалык атқару комитеті төрағасының орынбасары, Жаңатас қалалық кеңестің аппарат жетекшісі, Жаңатас калалык зейнетақы қорының төрайымы, Жаңатас калалық және Сарысу аудандық мәслихатының хатшысы, «Отан» Республикалық саяси партиясының, кейіннен «Нұр Отан» партиясының Сарысу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
Ұзақ жыл Жаңатас қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Жаңатас қалалық мәслихатының, Сарысу аудандық мәслихатының хатшысы қызметтерін атқарғанда Тыныштық Бегматқызы Жаңатас қаласының дамуы үшін үлкен еңбек сіңірген.
Тыныштық Бектөреева аға буын өкілдерінің арасында ауданда, Жаңатас қаласында үлкен басшылық қызмет атқарған санаулы қайраткердің бірі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.