Атыраулық кәсіпкер қалалық әкімдікпен сотта кездесті

77

Азамат К. жер учаскесінің меншік иесі ретінде сотқа Атырау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің дәлелді бас тартуды даулау, сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен техникалық шарттарды (СЖТ) беруге рұқсат беруге мәжбүрлеу туралы талап қоюмен жүгінді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотынан білгеніміздей, Атырау қаласы әкімінің қаулысымен жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгертілді: «ғимараттарға (құрылыстарға) қызмет көрсету үшін», сатып алу-сату шарты жасалған. Алайда, СЖТ беруден бас тартуға байланысты талап қоюшы жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалана алмаған. Талап қоюшы жер учаскесінде «СПА-Салон» салуды жоспарлаған. Бас тартуға талап қоюшының жер учаскесі бекітілген бас жоспарға, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына немесе елді мекендерді дамыту мен салу схемасына сәйкес келмеуі, көп пәтерлі орта қабатты тұрғын үйлердің құрылыс аймағында орналасуы негіз болған.

Сот Жер кодексінің 23, 64, 65-баптарын басшылыққа ала отырып, бірқатар негіздер бойынша талап қоюды қанағаттандырды. Атап айтқанда, дәлелді бас тарту әкімнің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қаулысына қайшы келеді. Жауапкер уәкілетті орган ретінде жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгерген кезде келісуден бас тарту жөнінде шаралар қолданбаған. Талап қоюшының жер учаскесіне меншік құқығы тоқтатылмаған. Талап қоюшы өзіне тиесілі жер учаскесін өз қалауы бойынша пайдалануға, иеленуге, оған билік етуге құқылы және өзгертілген нысаналы мақсаты бойынша Жер кодексінің талаптарына сәйкес учаскені пайдалануға міндетті.

Жауапкер талап қоюшыға СЖТ беруден бас тарта отырып, талап қоюшыны өзіне тиесілі меншік құқығын іске асыруды іс жүзінде шектеді, оған қол сұғылмаушылығы Қазақстан Республикасының Конституциясымен қорғалады және кепілдік беріледі. Сот шешімі заңды күшіне енді және жауапкермен орындалды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: gov.kz

https://atpress.kz/kk/news/quqyk/atyraulyk-k-sipker-k-alalyk-kimdikpen-sotta-kezdesti?fbclid=IwY2xjawIWuxxleHRuA2FlbQIxMQABHUCB51CyAsB65nm9sbCcuWTu-6TRDZkXvDPKmT4-kJlNI_rZ_Ny7CP-rSQ_aem_qVuKdRB8sF9mZ2OF5EFZEg

Leave A Reply

Your email address will not be published.