Аталы үш сөз қазақ танымында қалай пайда болды?

95

Қазақ ерте кезден баласын «ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Аталмыш сөздердің мәні қандай және қалай пайда болған? Бұл туралы Turkystan.kz тілшісі этнограф-ғалым, фольклоршы Болат Бопайұлынан сұрап білді.

Этнограф бала тәрбиесінде қолданылған үш емес, төрт сөзді жіктеп, мағынасын ашып берді.

«Халқымыздың әрбір отбасындағы бала тәрбиесі – қазақтың этнографиялық мектебі. Қазақта «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тағылымды сөз бар. Баласы ес біле бастағаннан бастап «ұят болады», «жаман болады», «обал болады», «күнә болады» деген төрт ауыз сөзді ошақ қасында, дастарқан қасында жиі айтып отырған. Біз де ата-анамыздан осы төрт сөзді үнемі естіп есейіп өстік және есті азамат, жетелі ұрпақ болып жетілдік», – дейді Б. Бопайұлы.

Сондай-ақ ол бұл төрт сөз төрткүл дүниені тануға, төрт құбыланы дұрыс айыруға, дұрыс мінез қалыптастыруға салған сара жол дейді.

«Жүрегінде «ұят , обал, күнә, жаман болады» деген саналы ұғым қалыптасқан адамның бойынан еш жамандық таппайсың.

Бұл бабаларымыз бен сара саналы аналарымыздың ұрпақ тәрбиелеп өсіру методикасы және отбасы ұстанымы, заңы, ережесі деп тану керек. Ұялмаған, обалды білмеген, жаны ашымаған, жаман-жақсыны айырмаған, күнә мен сауапты ажырата алмаған баладан ешуақытта дана шықпайды. Білім бір басқа, адамдық ар-ұждан бір басқа. Әлем таныған ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім, адамзат баласының қас жауы» деп текке айтпаған», – дейді этнограф.

Оның айтуынша, саналы ұрпақ өсіруде бұл төрт сөздің атқарар рөлі зор.

«Бала алдымен арлы, әдепті, ұлтжанды болып, ақ-қараны, оң мен солды ажырата білетін ұрпаққа айналғанда, оның алған білімі халқына қатер төндірмейтін пайдалы білім-ғылымға айналады. Осыны өте ерте бақылаған бабалармыз аталмыш төрт сөзді төрт тау, төрт қорған етіп ұрпақ санасына өшпестей етіп сіңірген.

Жүрегінде ұяты жоқтың бетінде мияты жоқ. Күнәні білмеген кінәсін мойындамайды. Обалды білмеген, біреудің обалына қалады. Жаманды білмеген жаман жолда жүреді. Сондықтан төрт сөздің түбінде тұнып жатқан уызды мәнді білу керек», – деп түйіндеді ғалым.

 

htps://turkystan.kz/article/225791-ataly-ush-soz-kazak-tanymynda-kalay-payda-boldy/t

Leave A Reply

Your email address will not be published.