ӘСЕРЛІ КЕЗДЕСУ

153
Талас аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі мен №12 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері ауданымызға белгілі ардагер журналист, қарымды қалам иесі, 17 кітаптың авторы Қамысбай САУҚЫМОВ пен кездесу өткізді. Кездесу Абай күні аясында «Абай — әлемдік мәдениеттің тұлғасы» атты тақырыпта өрбіді.
Зал толы көпшілік алдында Қ.Сауқымов өзінің журналистика саласына келу жолынан сыр шертіп, осы мамандықтың қызығы мен қиындықтары, бастан өткен қызықты жағдайлар туралы әңгімелеп берді. Сондай-ақ, ол кітап жазудағы тынымсыз еңбек пен оның қиыншылықтарына да тоқталып, жазушылық саланың астарын да ашып көрсетті.
Журналист ағаның әрбір әңгімесін қызыға тыңдаған қызметкерлер ұлы Абай өміріне тоқталуын да сұрады. Қамысбай Маханұлы Абай өміріне қысқаша тоқталып өтіп, оның ұлылығы мен данышпандығын да әр қырынан суреттеп, хакім Абайдың өмірі мен шығармашылық жолы кімге де болса үлгі екенін әсерлі етіп жеткізіп берді. Сонымен қатар, ол Ш.Айтматовтың: «Мен шет елге шыққанда бір қолтығыма Манасты, екінші қолтығыма » Абай жолын» қыстырып шығамын»,- деген жүрекжарды сөзін еске алып, қызметкерлердің бойына мақтаныш сезімін құйды.
Бұл күні көп әңгімелер ортаға тасталып, ТЖБ аға инженері И.Пермебаев, №12 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Қ.Жұмағұловтың сұрақтарына да тұшымды жауаптар қайтарып, мағыналы әңгімелерімен бөлісті.
Самат Бакибеков,
аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.