Кейінгі жылдары ауданымыздағы бұқаралық спорт дамудың даңғыл жолына түсті деп нық сеніммен айтуға болады. Оған спорт саласының жыл ішіндегі жетістіктері айқын дәлел бола алады. Әсіресе, аяқ доптан өтетін аудандық, облыстық және республикалық бәсекелерде жерлестеріміз жеңіс тұғырынан жиі көрініп келеді.
Тіпті, жастардан бөлек ардагерлеріміз де футбол ойынынан ауданымыздың абыройын республикалық жарыстарда асқақтатуда. Мәселен, жерлестеріміз жуырда ғана Тараз қаласында кіші футболдан өткен 50 жастан жоғары ардагерлер арасындағы Қазақстан Республикасының V ашық чемпионатына қатысып қайтқан болатын. Шу ауданының ардагерлер құрамасы аталған ел біріншілігіне тұңғыш рет қатысып қана қоймай, ақтық сында өнер көрсетіп, күміс жүлдені қанжығаға байлап қайтты.
Осыған орай, бүгін футзалдан ел чемпионатының күміс жүлдегерлерімен арнайы кездесіп, аудан намысын республикалық аренада абыроймен қорғап қайтқандары үшін құрмет көрсеттік. Сондай-ақ ардагер спортшыларға өз алғысымызды білдіріп, алдағы бәсекелерде тұғыр биігінен көрінуге тілектестігімізді білдірдік.