Сарыағаш аудандық Білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов журналист Амангелді Батырбековті өлтіруге киллерлер жалдаған, – деп хабарлады OTYRAR.
Оқ журналистің ұлына тиген. Осы іс бойынша шенеунікпен бірге 4 адам ұсталды.
«Сарыағаш инфо» газетінің бас редакторы Амангелді Батырбеков ұлынан айырылып қала жаздады. 3 қаңтарда түнде белгісіз адамдар журналистің үйіне келіп, терезелеріне оқ атқан. Оқ журналистің ұлы Дінмұхамед Батырбековке тиді. Оның ойынша, киллер өзін әкесімен шатастырып атқан.
-«Киллер мылтығын көтеріп, дәлдеп тұрғанда мен тығылмақ болдым, мен қозғала бергенде ол атып үлгерді. Мен 1 метр жерге ұшып түстім де, басқа бөлмеге жүгіре жөнелдім, ол да сол жаққа жүгірді. Сол жақтан ата бастады, артымнан оқ тиді. Ол 5 секундтай қарап тұрды да, қасыма келіп, қаным ағып жатқанын көрді. Көп қан кетті, өледі деп ойлаған болуы керек, қашып жоғалды, – дейді Дінмұхамед Батырбеков.
Журналист Амангелді Батырбеков ұлына емес, өзіне қастандық жасамақ болған деп есептейді. Бірден Білім бөлімінің басшысынан күдіктенген. 8 жыл бойы журналист шенеуніктің сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар әрекеттері туралы ашық жазып келеді, ал мемлекеттік қызметші журналисті талай рет қорқытыпты.
Соңғы сыни мақаласын Амангельді өткен жылдың қараша айында жазған. Мақалада шенеунік өзіне тиесілі балабақшаға 40 миллион теңге бөлгені айтылған. Журналистің айтуынша, шендінің ашуына тиген осы жайт болған секілді.
-«Бауржан Майрихов туралы мен 5-6 мақала жаздым. Фейсбукте сан рет пікірімді білдірдім. Тақырып та өте тартымды болды. Мысалы, Сарыағаш аудандық Білім бөлімінің 1- мафиясы, 2- мафиясы және 3-мафиясы деген секілді. Ол мені сотқа тарта алмайды. Өйткені бәрі дәлелмен жазылған», – дейді Амангелді Батырбеков.
Қастандық жасалған соң Амангелді полицейлерге кімнен күдіктенетінін айтқан. Күдігі расталды. Шенеунік журналистен құтылу үшін бұрынғы қызметкеріне тапсырыс берген. Ол өзінің таныстары — 2 жас жігітке журналисті өлтіруді тапсырған. Қылмыскерлер көп ұзамай ұсталды, тапсырыс берушінің де кім екені анықталды.
– Шенеунік журналистің өмірін 5 миллионға бағалаған. Яғни орындаушылар тапсырма орындап, қылмыстың ізін суыту үшін Шардара арқылы Арыс қаласы, Арыстан ары қарай Шымкентке жеткен. Айғақты зат ретінде жеңіл «ВАЗ» автокөліктері алынды. Оның қылмыстық жолмен тапқан ақшаға алынғаны дәлелденді. Сонымен қатар 16-калибрлі патрондар алынып отыр , – дейді Түркістан облысы ПД бастығы Қайрат Дәлбеков.
Бауыржан Майрихов Сарыағаш аудандық Білім бөлімін 5 жыл басқарған. Қазір ол ұсталған 4 адаммен бірге қамауда. Оларға қатысты «адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша іс қозғалды.