Жеңіс көктемі

9 мамыр – Жеңіс күніне орай Мойынқұм ауданының орталығындағы Даңқ обелискісінде Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтарды еске алуға арналған тағзым ету жиыны өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты. Жиналған жұрт майдан даласында жанын қиған батырлардың рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев Жеңіс оңай келмегенін айтып, бүгінгі бейбіт өмір мен тыныш заман – майдангерлердің ерлігі мен төгілген қанының арқасы екенін атап өтті. Сондай-ақ ел үшін от кешкен ерлердің есімі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.
Сонымен қатар Мойынқұм ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Мұхамбетқұл Сабыров жастарды елін, жерін сүюге шақырып, батырлар ерлігі кейінгі ұрпаққа мәңгі өнеге болып қала беретінін айтты.
Шара соңында ауданның бас имамы майданда қаза тапқан боздақтардың рухына құран бағыштап, ел амандығы мен жұрт тыныштығына дұға жасады.
Бүгінгі тағзым жиыны – өткенге құрмет, ерлікке тағзым, болашақ ұрпаққа бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын тағылымды шара болды.
Comments (0)
Add Comment