Соңғы уақытта тиым салынған заттарды пошта арқылы жіберу белең алған. Үстіміздегі жылдың 19 шілде күні қызметкерлер кезекті рет қамаудағыларға келіп түскен сәлем-сауқатты тексеру барысында көңілге күпті, күдікті заттар байқалды.
Режим бөлімінің аға лейтенанты Байболат Қуандық, тінту бөлімінің бақылаушысы Б.Телеу орамахатты жіті тінту кезінде 5 грек жаңғағы ішінен қою жасыл түсті, өзіне тән иісі бар затпен толтырылғандығын анықтаған. Сондай-ақ тағы бір жаңғақ ішінен ұялы телефонды қуаттайтын сым табылған.
Қулыққа барғандар өте мұқият желімдеп, табиғи қалпына келтіруге тырысып баққан. Алайда қырағы қызметкерлердің кәсібилігінің арқасында құйтырқы әрекет әшкереленді. Сот-сараптамалық талдау көрсеткендей күмәнді зат 17 грамм «гашиш» есірткісі екендігі дәлелденген. Атаулы сәлемдеме Алматы облысы, Талғар қаласы, Қызылту ауылынан ҚР ҚК 191 бап 2 тармақ, 14 бап 2 тармақ (ұрлық, тонау) бойынша сотталған А.Н.Ш-қа жолданыпты. Қазіргі таңда Тараз қалалық Полиция басқармасы 1-ші Полиция бөлімі тарапынан ҚР Қылмыстық Кодексінің 297 бап 1 тармағына сай есірткіні өткізу бойынша іс қозғалды.
Дереккөз: ЖД-158/7 мекемесі баспасөз қызметінің мәліметі