Жамбыл облысында «Ерік дала» әскери оқу-жаттығуы өтті

Елімізде әскери шабуыл жасалды. Қазақстан мен Өзбекстанның арнайы операция күштері қарулы топқа тойтарыс берді.

Мұның бәрі «Ерік дала» деп аталған арнайы оқу-жаттығу шарасының аясында жоспарлы түрде өтті. Қазақ пен өзбек жауынгерлеріне нақты қандай тапсырма жүктелді? Бірлескен операция нені көздейді?

Арнайы оқу-жаттығудың бірінші кезеңі салтанатты жағдайда басталды. Әскерилердің білігі шыңдалатын шараға еліміздің Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов пен Өзбекстан қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-майор Абдусалом Азизов қатысты.

Жылы қабақ танытып, қарсы алғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Мұндай кездесулер екі армияның өзара қарым-қатынасына тың серпін береді. «Бірлескен оқу-жаттығулар түнгі уақыттағы жауынгерлік авиацияның әлеуетін көрсетіп, заманауи техниканы ұтымды пайдаланудың жаңаша әдіс-тәсілін меңгеруге сеп болады,  – дейді Өзбекстан Республикасы Қорғаныс ведомствосының басшысы, генерал-майор Абдусалом Азизов.

Сонымен, болған іске көшейік. Қос елдің әскерилеріне берілген тасырма ауыр. Жауынгерлер түнгі барлау бойынша операцияларды орындады. 2 жарым мың метр биіктіктен «Су-30 СМ» көлігі арқылы заңсыз қарулы топ анықталып, оларға әуеден соққы жасалды. Елді мекенге жасырынған содырларды ұстау үшін бір уақытта шабуыл жүргізіліп, жедел операцияға ұшқышсыз ұшу құрылғылары мен электрондық-оптикалық барлау құралдары пайдаланылды. Нәтижесінде қарулы топ қолға түсіп, қауіп сейілді.

Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі: — Қазақстан мен Өзбекстанның арнайы операциялар күштері берілген тасырмаларды сәтті орындай білді. Бірлескен оқу-жаттығудың бірінші кезеңінде көзделген мақсат орындалды, – дейді Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов.

Министр Жасұзақовтың айтуынша, «оқу-жаттығудың екінші кезеңін Өзбекстанның «Фориш» оқу-жаттығу орталығының базасында өткізу жоспарланып отыр. Мақсат – әскерилердің өзара бірлескен іс-қимылын жетілдіру.

24.kz

Comments (0)
Add Comment