Жамағатқа діни үкімдер жайы түсіндірілді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысындағы өкілдігіне қарасты мешіттерде әр жұма сайын жамағатқа арналған «Пәтуа сағаты» тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Бұл игі іс-шара мешітке келушілердің діни білімін арттырып, шариғат мәселелерін тереңірек түсінуіне мүмкіндік береді. «Пәтуа сағаты» барысында мешіт имамдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі мен Ғұламалар кеңесінде бекітілген діни үкімдер мен қаулыларды жамағатқа түсіндіріп, олардың күнделікті өмірде қолданылу жолдарын көрсетеді. Сонымен қатар, қоғамда туындайтын түрлі діни сұрақтарға жауап беріп, дұрыс шешім қабылдауға бағыт-бағдар ұсынады.

Бұл басқосуларда мұсылмандардың күнделікті өміріне қатысты – құлшылық, отбасы, қарым-қатынас, сауда секілді маңызды мәселелер талқыланады. Шариғат қағидаларына негізделген бұл сұхбаттар жамағаттың діни білімін тереңдетіп, ислам құндылықтарын саналы түрде ұстануға жол ашады.

Осындай жұманың бірінде Жамбыл «удандық «Бәйдібек» мешітінің бас имамы Дәурен Құттыбаев  жамағатпен арнайы кездесу өткізіп, пәтуа сағатын ұйымдастырды.

Аталған шара барысында ол күнделікті өмірде туындайтын діни мәселелерге қатысты кеңінен түсіндірме беріп, шариғат үкімдерін жүйелі түрде жеткізді. Жамағат тарапынан қойылған сан алуан сұрақтарға имам нақты дәлелдерге сүйене отырып, байыпты әрі түсінікті жауаптар қайтарды.

Әсіресе, құлшылықтағы қателіктер, адал-арам мәселелері және отбасылық қатынастар төңірегіндегі сұрақтар кеңінен талқыланды. Даурен Куттыбаев әрбір мәселені Құран мен сүннет негізінде тарқатып, тыңдаушылардың діни сауатын арттыруға баса мән берді.

Сонымен қатар, ол күмәнді ақпараттарға ермеуге, сенімді дереккөздерге жүгінуге шақырды. Пәтуа сағаты барысында жамағаттың белсенділігі байқалып, өзекті сұрақтар еркін қойылды. Бұл кездесу көпшілікке пайдалы болып, олардың көкейіндегі түйткілді мәселелердің шешімін табуға ықпал етті.

Жиын соңында қатысушылар имамға ризашылықтарын білдіріп, мұндай игі шаралардың жалғасын табуына тілектестік танытты.

Comments (0)
Add Comment