Эмоция жүрекке қалай әсер етеді? — The New York Times

The New York Times басылымында «Эмоция жүрекке қалай әсер етеді?» атты мақала жарияланды. Танымал кардиолог, бірнеше кітаптың авторы Сандип Джаухардың бұл мақаласында дәрігерлерге жүрек ауруларына күйзеліс пен басқа да эмоциялардың әсер етуі мүмкіндігін ескеру керектігі айтылған. Сонымен қатар автор осы саладағы зерттеулерге де тоқталады.

«Жүз жыл бұрын Карл Пирсон бейіттерді аралап жүріп, әйелдер мен олардың күйеулерінің қаза тапқан уақыттарының бір-бірінен алшақ еместігін байқаған. Кейінірек түрлі зерттеулер нәтижесінде күйзеліс пен үміттің үзілуі, торығу мен рухтың түсуі де адам денсаулығына әсер ететіні, оның ішінде жүрекке салмақ түсетіні анықталды», — деп жазған автор такоцубо кардиомиопатиясы атты ауруға тоқталады.

Оның айтуынша, бұл ауру жүрек талмасына ұқсас белгілерге ие және жақын адамның қаза табуы, қаржылық қиындық немесе басқа да эмоциялық жағдай кесірінен пайда болады.

«Бүгінгі таңда кардиологияда заман талабына сай көптеген өзгерістер болды. Дегенмен, кардиолог Сандип Джаухардың жаңа кітабында айтылғандай, бақытсыздық, кедейлік немесе күйзеліс, теңсіздік секілді эмоционалды факторлардың жүрек ауруларына әкелуі мүмкін екенін де ескеру керек. Яғни, технологиялық прогресс жағдайында биологиялық жүрек пен эмоциялық жүректің шекарасын ажырату қиынға соғады», деп жазады автор.

Мақалада жүректің биологиялық машина және өте маңызды орган ғана емес, адамның эмоциясы жиналатын орын екені де айтылады.

«Жүрек романтика мен шынайылық, қорқыныш пен мұңның символы. Сондай-ақ ол қан айналымына жауап беретін сорғы (насос). Адам өмірінде жүрек орташа есеппен үш миллиард рет соғады екен. Сондықтан да болар, хирургтер 19-ғасырға дейін жүрекке операция жасамаған. Ал бүгінде жүрек ауруынан қаза табатындар саны артты. Соған қарамастан эмоционалды денсаулықтың жүрек ауруларына әсеріне көңіл бөлінбей келеді», деп жазылған мақалада.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment