«Ұлы дала» шағын ауданына салынатын саябаққа алғашқы тал көшеттері егілді
Бүгін «Ұлы дала» шағын ауданында салынып жатқан саябақта «Жасыл желек – жердің көркі» атты ағаш отырғызу акциясы өтті. Шара барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, зиялы қауым өкілдері, жастар және өзге де қала тұрғындары саябаққа алғашқы тал көшеттерін отырғызды. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, Қырғыз Республикасының Талас облысынан келген қонақтар да тал егіп, акцияға үлес қосты.
Жалпы бұл саябақтың аумағы он гектарды құрайды. Мұнда 4500 мыңға жуық тал-дарақ отырғызылады деп жоспарлануда. Оның ішінде 600 қарағай, 200 ден аса тікенекті және еуропалық шыршалар, 300-ден аса әр түрлі сортты терек, катальпа, туя, алқоры, үйеңкі, гортензия, сирень, шынар және тағы басқа ағаштар егіледі. Бүгін шара барысында 1000-ға жуық тал-дарақ егілді.
Осы егілген ағаштарға дұрыс күтім жасалып, ел игілігіне жараса, саябақ үш аумақтың демалыс орталығына айналатыны сөзсіз. Өйткені, мұндағы елу мыңнан аса тұрғыннан бөлек, «Бурыл» тұрғын алқабы мен «Төрткүл» алқабында демалыс орындары қарастырылмаған. Міне, осы саябақ сол олқылықтың орнын толтырады.
Қазіргі таңда «Ұлы далада» 4 мектептің құрылысы бастау алды. Биыл 1200 орындық мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Қалған 3 мектептің құрылысы 2024 жылы аяқталады. Оның екеуі «Жайлы мектеп» жобасы.