Тіршіліктің басты көзі – ауызсудың азабын Көкшетаудың тап іргесінде тұрған Краснояр ауылындағы 15 мыңға жуық тұрғын да жылдар бойы тартып келеді. Кенезесі кепкен халықтың билікке қара қазандай өкпе-назын айтып жүргелі қашан? Алайда түйткілдің түйіні тарқатылмай тұр.
Халқының саны жыл санап көбейіп, жаңадан салынған үйлердің қарасы қалыңдап келе жатқан ауылда ауызсу жағдайы жаппай қиын. Әсіресе Краснояр, Школьная, Новоселов, Октябрьдың 50 жылдығы көшелеріндегі ахуал аса ауыр. Жекеменшік үйлерде су тек түнде сыздықтап ағуы мүмкін. Ал көпқабатты үйлердің жоғары қабаттарында жағдай мүлде мүшкіл. Тұрғындар айлар бойы краннан су көрмей-ді.
– Үйге келіп кранды ашсам, шұбатылған жіңішке жіптей болып су ағып тұр екен. Шынымды айтсам, көптен күндізгі уақытта мұндай «бақытты сәтті» көруден қалғаннан ба, қуанып кеттім. Басымды жуайын деп едім, сұйық сабын жағып үлгергенше су тоқтап қалды. Амал жоқ, түнде толтырып үлгерген бөтелкедегі ауызсумен шайдым. Жуатын киімдерді қалада тұратын туыстарыма тасимыз, – дейді ауыл тұрғыны Наталья Кузенная.
Үш баланың қамқоршысы Анна Ерофеева балаларды жуындырудың өзі аса үлкен проблемаға айналғанын айтады. Бұрын су тапшылығы тек жаздың шіліңгір шілдесінде болатын. Себебі жұрттың бәрі бау-бақша суаратын. Ал биылғы қыс бұрынғыдан да өзгерек болып, қыстың қытымыр аязында да соры арылмаған жұртшылық қаталап шыққан.
Бұл жағдайдың астарында бірнеше жылдардан бері қордаланып келген коммуналдық жүйенің күйреу мәселесі жатыр. Ауыл халқының біраз бөлігі мәселені ауылдың қақ төрінде менмұндалап сән-салтанатымен көз тартатын жаңа спорт кешенінің ашылуымен байланыстырады. Себебі ішінде бассейні бар нысан ауызсуға зәру болып отырған дәл осы проблемалы ауданға салынған. Әрине, балаларға спорт кешені ауадай қажет-ақ. Бірақ тұрғындардың «балалардың бассейні үшін мұқым халық сусыз отыруы тиіс пе?» деген заңды сауалы да ойландырмай қоймайды.
Алайда ауыл әкімі Серікжан Мәкіш спорт кешенінің бұған мүлде қатысы жоқ екенін алға тартты. Оның айтуына қарағанда, бассейн ашылар кезде ғана аузы-мұрнынан шыққанша суға толтырылған. Кейін сол су қайта айналыммен пайдаланылып келеді. Белгіленген уақыт сайын мұндағы арнайы мамандар суды арнайы химиялық жолмен тазартып тұрады. Мамандар да осыны растайды. Яғни мәселе спорт кешенінде болмай шықты. Ауыл әкімі ауылдағы ауызсудың зардабы жөнінде Көкшетау мен Красноярды ауызсумен қамтып отырған «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық мекемесіне талай айтып та, жазып та көргенін жеткізді. Бірақ бар мәселе құбырлардың сонау Кеңес заманында салынғаннан бері ауыстырылмауының салдарынан әбден тозығы жеткенінен болып отырғанын жеткізді.
– Иә, расында да, ауыл жұрты судың зардабын жиі тартады. Халықтың саны өсіп барады. Ал әбден тозығы жетіп, қаусап тұрған ескі құбырлар жиі сынып апат болып тұрады. Бюджет қоржынынан жамап-жасқалып жатқанымен, түбегейлі мәселені шешу әзірге болар емес, – дейді ауыл әкімі.
«Көкшетау Су Арнасы» мекемесінің өкілдері де құбырлардың әбден тозығы жеткенін ашық мойындайды. Олардың айтуынша, ауыл ішіндегі құбырлардың көбі қатты тозып кеткен. Қауқары шамалы құбырлар қысымды күшейтсе, бірден апатқа ұшырайды. Сондықтан халыққа толыққанды су беру мүмкін емес.
Ауыл тұрғындарының дерегінше, құбырлардың кейбірі жарты ғасырдан бері ауыстырылмаған. Демек, бүгінгі ахуал бір күнде пайда болмаған.
Құзырлы жергілікті билік органдары қазір жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр дейді. Бірақ оның қашан аяқталатынын, сараптамадан қашан өтетінін, қаржының қашан бөлінетінін ешкім нақты айта алмайды. Тіпті, су жүйесіне жауапты мекеменің өзі жоба қай деңгейде тұрғанынан толық хабарсыз.
Бір қызығы, қағаз жүзінде бәрі сақадай сай мінсіз көрінеді. Магистралды желідегі қысым техникалық нормаға сәйкес делінген, бірақ тұрғындардың кранынан су тамбайды. Аптап ыстық басталса, жағдайдың тіпті қиындайтыны анық.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
https://aikyn.kz/305963/tun-ishinde-tirshilik-etetin-auyl
фото: «Айқын» ақпарат