СУ РЕСУРСТАРЫН ҮНЕМДІ ӘРІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Су кеңесінің отырысына қатыстым. Онда министрлік жүзеге асырып жатқан негізгі жүйелі шаралар туралы баяндадым.
Ведомство құрылған сәттен бері ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны шамамен 5 есеге артты. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұндай технологиялар 543,5 мың гектар алқапқа енгізіліп, соның нәтижесінде 874 млн текше метрге жуық суармалы су үнемделді.
Министрлік өнеркәсіптік су пайдаланушыларға түгендеу жүргізіп, олармен бірлесіп айналымды және қайталама сумен жабдықтау жүйесіне көшу бойынша жеке жоспарлар әзірлеп жатыр. 2025 жылдың маусым айынан бері осындай 168 жоспар дайындалды. Бұл жоспарларды орындау арнайы су пайдалану үшін берілген рұқсат етілген су көлемін сақтаудың міндетті шартына айналады.
Су саласын кадрлармен қамтамасыз етуге және бұл саладағы жұмыстың тартымдылығын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Соңғы 2,5 жылда «Қазсушар» РМК мамандарының орташа жалақысы екі еседен астам өсті.
2024-2025 жылдары Ақтөбе, Түркістан, Батыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарындағы бес су қоймасы реконструкциядан өтті. Сонымен қатар соңғы екі жылда шамамен 1,5 мың шақырым каналды реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары аяқталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қаныш Сәтбаев атындағы каналды ауқымды реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары басталды. Ислам даму банкінің қолдауымен үш су қоймасын салу және екі су қоймасын реконструкциялау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Сондай-ақ Ислам даму банкімен бірлесіп Қазақстанның оңтүстігіндегі 5 облыста 103 каналды реконструкциялау және автоматтандыруды қамтитын 96 жоба іске асырылып жатыр.
2026 жылдың соңына дейін жалпы ұзындығы 962 шақырым каналды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 200 мың гектарға жуық суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес гидротехникалық нысандарды тиісті деңгейде күтіп ұстау және пайдалану мақсатында республиканың 16 өңірінде мамандандырылған коммуналдық ұйымдар құрылды. Қазіргі таңда бұл ұйымдарға 1337 адам жұмысқа орналастырылды.
Comments (0)
Add Comment