Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Жаңа спорт кешенінің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы өңірде бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындар үшін қолжетімді спорт инфрақұрылымын қалыптастыруға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмаларын іске асыру аясында Абай облысында олимпиадалық спорт түрлерін дамыту, бұқаралық спортты кеңінен насихаттау және жоғары жетістіктер спортының әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Биыл өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту, жаңа нысандарды пайдалануға беру, қолданыстағы спорт кешендерін жаңғырту, сондай-ақ, халықтың барлық санатын спортпен жүйелі түрде қамту негізгі басымдық ретінде айқындалды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, былтыр мамыр айында Бобровка мен Водный кентіне келіп, екі спорт кешенінің капсуласын салып, құрылысты бастағанбыз. Қазір Мирный кентінде де спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Яғни, спорт ғимараттарын қаланың әр аймағына орналастырып, ел игілігіне пайдалануға беріп жатырмыз. Бүгін міне зәулім, заманауи спорт кешені бой көтерді. Нысан заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді және тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына барлық жағдай жасалған. Жаңа спорт кешені Бобровка кентінің тұрғындарына ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, өңірімізде салауатты өмір салтының орнығуына өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Берік Уәли.
Off take келісім аясында бой көтерген екі қабатты дене шынықтыру-сауықтыру кешені заманауи талаптарға сай салынған. Жалпы ауданы 1200 шаршы метрді құрайтын нысан бір мезетте 70 адамға дейін қабылдай алады. Бірінші қабатта волейбол, баскетбол және футзал ойындарына арналған әмбебап спорт залы, екінші қабатта қазақша күрес, дзюдо, еркін және грек-рим күресімен айналысуға арналған күрес залдары орналасқан. Кешен тұрғындардың жыл бойы спортпен тұрақты шұғылдануына мүмкіндік береді.
Облыста спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта облыста 20 спорт нысаны салынып жатыр. Жыл басында Семей қаласының Водный кентінде заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар Ақсуат ауданындағы Екпін және Ойшілік ауылдарында спорт модульдері ашылды. Бүгінде Бесқарағай, Жарма аудандары мен Курчатов қаласында жүзу бассейні, Аягөз, Үржар, Абай, Көкпекті аудандарында спорт модулдері бой көтеруде.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ