Түркиядан елімізге ірі көлемдегі алтын бұйымдарын алып қтпек болған Өзбекстан азаматшасы ұсталды.
Көрші елдің азаматшасы ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасына қарасты «Шымкент авиа» тексеріп-өткізу пунктінде ұсталған. «Ыстанбұл — Шымкент бағытындағы әуе рейсімен ұшып келген әйелдің өзін-өзі ұстауы шекарашыларға күдікті болып көрінді.
Азаматшаның жеке заттарын тексеру барысында оның қол жүгінің арасынан алтын бұйымдар — 17 жүзік, 24 сырға және 5 дана кулон шықты. Ұсталу себебі — алып өтуге рұқсат етілген заттар мөлшерін асыру болып табылады», — делінген ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Дәл осындай себеппен «Қазығұрт» тексеріп-өткізу пунктінің шекарашылары Өзбекстаннан біздің елімізге кірмекші болған үш Шевроле автокөліктерін ұстаған. Автокөліктердің жүргізушілері Өзбекстан азаматтары. Үш автокөлікте де қымбат бағалы жалпы саны 2480 керамикалық ыдыс-аяқтың тиелгені белгілі болып отыр. Тәркіленген заттар кедендік орындарға тапсырылды.