Хантау ауылындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектебтің мәжіліс залында ауылдық округ, аудан әкімдерінің халық алдындағы есебі өтті. Онда алдымен округ әкімі Әнуар Сейітқазиев, одан кейін аудан әкімі Мәден Мұсаев есеп берді.
Округ әкімінің айтуынша «Бастау Бизнес» жобасы бойынша ауыл тұрғыны Момбек Айбек арнайы оқып, сертификаталды. Сөйтіп, жеке кәсіпкерлігін жүргізу мақсатында қайтарымсыз 505000 теңге алып, оған 90 үндік, 30 тауық, 70 мың теңгеге жем алып, құс өсірумен айналысуда.
Округ тұрғындары Болат Есентаев, Клара Оспанәлиева, Бақытжан Асанов өздерінің жеке шаруа қожалықтарын құрып, мал санын көбейтіп, ауыл тұрғындарын етпен қамтамасыз ете бастады. Әрине, бұл қуанарлық жай.
Жиында сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Әбушәкіров, ауыл қариясы Т.Битуғанов аудан басшысының ауылда балабақша ашамыз деген сөзіне аталық алғыстарын айтты.
Алты ауыл, ауылдық округтерде өткен есеп беру жиындарына аудандық мәслихаттың хатшысы Ш.Исабеков, аудандық соттың төрағасы Б.Абуев, аудан прокуроры Н.Әділов, аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары қатысып, өз салалары бойынша қойылған сауалдарға жауап берді.
Жолдыбай ДӘМЕТОВ