Мәжіліс депутаты қан орталығының ұжымымен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылғы 29 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясында сөйлеген сөзінде ҚР Конституциясына түзетулер енгізу бойынша жалпыреспубликалық референдум өткізуді ұсынған болатын. Ел тарихындағы маңызды шара болған соң, тұрғындар тарапынан да түрлі сұрақтар түсуде. Сондықтан да түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Осы орайда бүгін «AMANAT» партиясынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нәзилә Раззақ, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әсет Ахатаев облыстық қан орталығына ат басын бұрды. Мәртебелі меймандар әуелі мекеменің тыныс-тіршілігімен танысып, «Донор болу — ерлікке тең» кітабына ізгі тілектерін қалдырды. Мұнан соң ұжым мүшелерімен референдум тақырыбы төңірегінде ой бөлісті.
Жиынды орталықтың директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Гулам Умаров жүргізіп отырды.
-Баршаға белгілі, Мемлекет басшысы «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Референдум — қоғам арасында қызу талқыланып, қолдау тауып отыр. Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту -халықтың еркін білдіруінің айқын көрінісі. Қазақстандықтар тарихи таңдаудың қарсаңында ел алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, референдум өткізу — саяси дамудың келесі кезеңі екенін түсіну қажет. Бұл — уақыт талабы. Себебі ел тағдырын анықтайтын реформаларға тек депутаттар ғана емес, бүкіл халық қатысу қажет.
Егер референдумда дауыс берушілер аталған өзгерістерді қолдаса, онда біз Президент айтқан Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндік аламыз. Бұл ел дамуы үшін маңызды қадам,-деді Гулам Мухтаровия өз сөзінде.
Байыпты басқосуда Наззия Раззақбайқызы жалпыхалықтық референдум өткізудің маңыздылығына тоқталды. Дәл осы жолдың демократиялық институттардың дамуын көрсететіндігін, референдумға кәмелет жасына толған барлық азамат қатыса алатынын тілге тиек етті.
-Мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге мүмкіндік беретін Конституциялық референдум – Әділетті Қазақстан ұстанымының бастамасы деуге де негіз бар. Ол биліктің өкілді тармағын (Парламент, мәслихат) айтарлықтай күшейтеді. Жаңартылған Заң аясында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекітуі – елдегі саяси партиялардың тең дәрежеде бәсекеге түсіп, демократиялық үдерісті үдете түсетіні сөзсіз,-деді Н.Раззақ.
Кездесуде облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әсет Ахатаев сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды. Жиында қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, олар бойынша нақты жауаптар берілді.

Comments (0)
Add Comment